
Орталық коммуникациялар қызметінде 2025 жылдың 17- 23 қарашасы аралығында Алматы қаласындағы Sadu Arena спорт кешенінде онлайн және офлайн форматтарда өтетін мектеп оқушылары (U15, U17) арасындағы ІІ дүниежүзілік тоғызқұмалақ чемпионатын өткізуге байланысты брифинг өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, ҚР тоғызқұмалақ спорт федерациясының президенті Әкім Тұрсын қатысты.
Чемпионатты ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Алматы қаласы тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп ұйымдастырылады. Шараға Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Мажарстан, Панама Колумбия, Чехия, Румыния, Үндістан, Бангладеш және басқа да елдерді қоса алғанда, шамамен жиырма мемлекет қатысады деп күтілуде.
Брифинг барысында тоғызқұмалақ еліміздің барлық өңірінде белсенді дамып келе жатқаны және ұлттық зияткерлік спорт түрлерінің бірі ретінде өз орнын нығайтып келе жатқаны атап өтілді. Бүгінде бұл спорт түрімен 202 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады, оның 119 мыңнан астамы ауылдық жерлерде тұрады. 2023–2025 жылдар аралығында Ұлттық құрама әлем және құрлық деңгейіндегі ірі жарыстарда 40-тан астам алтын, 35 күміс және 35 қола медаль жеңіп алды.
Тоғызқұмалақ қазіргі таңда әлемнің 50 елінде дамып келеді және ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне ресми түрде енгізілген.
Комитет төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов халықаралық турнирдің Қазақстанның ұлттық мұрасын ілгерілетудегі маңызын атап өтті.
«Тоғызқұмалақ - халқымыздың көне мәдени мұрасы. Мектеп оқушылары арасындағы дүниежүзілік чемпионатты өткізу - ұлттық ойынымызды халықаралық деңгейде танытуға, жас буынды қолдауға және Қазақстанның имиджін нығайтуға бағытталған маңызды қадам», - деді ол.
Еске сала кетейік, мектеп оқушылары арасындағы алғашқы дүниежүзілік тоғызқұмалақ чемпионаты 2023 жылы Алматыда 16 елдің қатысуымен өткен болатын.