
Мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбековтің қаланы аралауы барысында Нұртас шағынауданында 10 көшеде асфальт жабынының отыруы анықталды.
Бұл көшеде 2023 жылы кәріз жүйесін жүргізу жұмысы басталып, 2024 жылы мемлекеттік қабылдауға өткізілген. Алайда, соңғы жауын-шашыннан кейін асфальттың бірнеше тұсы төмендеп, жол жабынының бұзылуына әкелді.
Қала әкімі жағдаймен өзі танысқан соң мердігер мекеме «Тараз Строй 2004» ЖШС-не асфальтты қалпына келтіру бойынша нақты тапсырма берді. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жұмысты қадағалау міндеті жүктелді.
Жөндеу барысында жолдың негізі нығайтылып, қайта асфальт төселеді. Компания жұмысты алдағы аптада бастап, қысқа мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр.