
Республика күні мерекесі аясында үшінші мегаполисте қала тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды мәдени, спорттық және рухани іс-шаралар ұйымдастырылды. Шымкент аспанын түрлі түстерге бояған «Батпырауықтар фестивалі» мерекенің басты сәніне айналды.
Қала әкімдігі ұйымдастырған фестивальдің мақсаты — отбасылық демалыс мәдениетін дамыту, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру және ашық аспан астында белсенді демалысты насихаттау болды.
Қаланың орталық саябақтарында өткен шарада түрлі пішіндегі және түстердегі батпырауықтар аспанмен тілдесіп, тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Балалар мен ата-аналар бірге батпырауық ұшырып, ұмытылмас сәттерге куә болды.
Фестиваль аясында батпырауық ұшыру жарыстары, балаларға арналған шеберлік сабақтары, сабын көпіршіктер шоуы мен анимациялық қойылымдар ұйымдастырылды. Сондай-ақ диджейлер мен бишілердің қатысуымен өткен концерттік бағдарлама мерекелік көңіл-күйді арттыра түсті. Велоәуесқойлар жарысы мен көше биі сайыстары өткізіліп, мото-маусымның салтанатты жабылуы күннің көркін аша түсті.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров фестивальдің маңыздылығына тоқталды.
— Бұл шараның басты идеясы – қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, отбасылық демалыс мәдениетін қалыптастыру. Бүгінгі фестиваль - тек батпырауықтар шеруі емес, бұл шығармашылық пен белсенділіктің мерекесі. Сонымен қатар, қатысушылардың көрсеткен шоу бағдарламаларының үздіктеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл олардың еңбегін ынталандырып, келесі жылы да белсенділік танытуға серпін береді, – деді ол.
Фестиваль қалалықтар мен қонақтар үшін көптен күткен отбасылық мерекеге айналды. Көкке самғаған батпырауықтар мен балалар күлкісі Шымкент аспанын шаттыққа бөледі. Мереке қаланың туристік тартымдылығын арттырып, тұрғындарға сергектік пен жаңа серпін сыйлады.
Осы күні «Достық үйінде» Республика күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлікте – күшіміз!» атты халықтар достығы фестивалі өтті. Грузин этномәдени орталығы ұйымдастырған шарада түрлі этнос өкілдері өз мәдениеттерін таныстырып, көрермендерге ән мен биден шашу шашты.
Сондай-ақ Ассамблея ғимаратының алаңында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, армрестлингтен үздіктер анықталды. Қатысушылар салауатты өмір салтын насихаттап, мерекенің рухын биіктете түсті.
Қала саябақтары мен гүлзарларында өткен «Шымқала кештері» атты ашық аспан астындағы концерттік бағдарламалар мерекенің шырайын кіргізді. Қалалық өнер ұжымдары көрермендерге әсерлі ән мен биден шашу шашып, мерекелік көңілді жалғастырды.
Бір мезетте өткен бұл түрлі бағыттағы іс-шаралар Шымкенттің өмірге, өнерге, бірлік пен шаттыққа толы қала екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Республика күні — батпырауықтай биік ұшқан көңіл-күймен, ел бірлігі мен татулықтың нышаны ретінде есте қалды.