2025 жылғы 15 қыркүйекте Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығы мен қаланың жоғары, орта арнаулы және орта білім беру мекемелерінің белсенді жастарының қатысуымен Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен жаңадан құрылған "Жас сайлаушылар клубының" алғашқы отырысы өтті.
Қазіргі таңда қаламызда Шымкент қалалық және бес аудандық аумақтық комиссиялары жанынан диалог алаңдары түрінде жалпы саны 80 жас сайлаушыны біріктіретін 6 Жас сайлаушылар клубы құрылды. Клубтарды құрудың негізгі мақсаты – жастардың сайлау және құқықтық мәдениетін арттыру, тұрғындардың, оның ішінде жастардың сайлауға қатысу белсенділігін көтеру, сондай-ақ электоралдық үдерістің негізгі мәселелері бойынша жастарды ақпараттандыру болып табылады.
Алғашқы жиында ұйымдық мәселелер нақтыланып, алдағы жұмыс бағыты талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев пен Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысының міндетін атқарушысы Аружан Әлжан өзара ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимыл жасау жөнінде Меморандумға қол қойды.