
2026 жылғы 22-24 сәуірде Астана қаласында өтетін Аймақтық экологиялық саммит аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Орталық Азия криосферасына арналған тақырыптық сессияға қатысады.
Министрлік атынан спикер ретінде Орталық-Азиялық аймақтық гляциологиялық орталығының директоры сөз сөйлейді. Естеріңізге сала кетейік, ЮНЕСКО-мен орталықтың құрылуы мен қызметіне қатысты келісім 2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы тарапынан ратификацияланған, бұл мұздықтарды зерттеу, климаттың өзгеруі және су қауіпсіздігі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам болды. Сессия барысында «Орталық Азияның су мұнаралары» бастамасы таныстырылады. Бұл бастама мұздықтарды мониторингтеу, деректер алмасу, бірлескен зерттеулерді дамыту және су ресурстарын тұрақты басқару саласында мамандар дайындауға бағытталған аймақтық ғылыми-эксперттік платформаны құруды көздейді.
Сонымен қатар министрлік «Аймақтық климаттық шешімдерді қалыптастыруда академиялық және ғылыми қоғамдастық рөлі» тақырыбында жеке панельдік сессия өткізеді. Сессия аясында университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының ұзақ мерзімді климаттық бейімделу сценарийлерін әзірлеуге, экономиканың және инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыруға, климаттық және экологиялық инновацияларды дамытуға, сондай-ақ ғылыми нәтижелерді мемлекеттік басқару мен аймақтық даму практикасына енгізуге қосқан үлесі талқыланады. Арнайы назар пәнаралық зерттеулерге, цифрлық шешімдерге, болжамдық және аналитикалық құралдарға, сондай-ақ «жасыл» экономикаға арналған жаңа буын кадрларын даярлауға аударылады.
Осы іс-шара Қазақстанның ғылыми дипломатиясын нығайтуға, Орталық Азия елдері, халықаралық ұйымдар және жетекші зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты кеңейтуге маңызды алаң болмақ. Саммит нәтижесінде практикалық ұсыныстар әзірленіп, жаңа серіктестіктер қалыптасып, климаттық тұрақтылық, су қауіпсіздігі және табиғи ресурстарды тұрақты басқару саласында бірлескен ғылыми-технологиялық бастамалар іске қосылуы жоспарланған.