
Абай университеті мен Францияның Пуатье университеті арасындағы «Экономика» қосдипломды оқу бағдарламасы бойынша білім алған түлектерге салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренже, Пуатье университетінің профессоры Филипп Рожон, университет басшылығы мен студенттер қатысты. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова өз сөзінде Абай университетінің шетелдік серіктестерімен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін атап өтті.
Франция Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренже екі ел арасындағы білім беру саласындағы әріптестіктің ұзақ мерзімді гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықтың берік негізі екенін атап өтті. Ал Қазақстандағы Франция Елшілігінің қосдипломды бағдарламалар бойынша үйлестірушісі Аньес Буссе түлектерді құттықтап, бағдарлама аясында кездесетін қиындықтарды жеңу бойынша кеңес берді. Пуатье университетінің профессоры Филипп Рожон халықаралық ынтымақтастыққа алғыс айтып, дипломдарды салтанатты түрде табыс етті.
«Бұл диплом менің болашақ кәсіби жолымды қалыптастыруға көмектеседі. Франция экономикасының жоғары деңгейде дамығанын ескерсек, бұл саланы француз тілінде меңгеру мен үшін үлкен тәжірибе болды. Екіжақты диплом алу мен үшін ерекше құнды жетістік», – деді «Экономика» мамандығының түлегі Дильназ Ибрагимова.
Айта кетейік, Пуатье университеті – Абай атындағы ҚазҰПУ-дың стратегиялық серіктесі. Бірлескен ынтымақтастық аясында қос дипломды бағдарламалар, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы, білім беру бастамалары және біліктілікті арттыру бағдарламалары жүзеге асырылады.