
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен кездесу өткізді. Кездесу барысында ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайту, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) тетіктерін жетілдіру, дуалды оқытуды дамыту, сондай-ақ мұнай-газ саласының басым бағыттары бойынша кадр даярлау мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық экономиканы дамытуда ғылым, индустрия және озық технологияларды жүйелі түрде интеграциялаудың стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде ғылыми әзірлемелерді практикалық тұрғыда қолдануға және жоғары қосылған құны бар бәсекеге қабілетті өнім өндіруге бағытталған жаңа өндірістік парадигма кезең-кезеңімен қалыптасып келеді.
«Бүгінде біз ғылым, жасанды интеллект және өнеркәсіп біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін жаңа өндірістік логиканы қалыптастырып жатырмыз. Қазақстанда жоғары қосылған құны бар өнім жасауға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл үдерісте нақты өндірістік алаңдарда тағылымдамадан өтіп, қолданбалы инженерлік міндеттерді шешіп жүрген студенттердің белсенді қатысуы аса маңызды. Бұл – салаға тек теориялық біліммен ғана емес, ел экономикасына дайын шешімдермен келетін жаңа буын мамандарын қалыптастырудың нақты көрінісі», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов ұлттық компанияның озық технологияларды енгізу, инженерлік кадрларды даярлау және саланың технологиялық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылыми ұйымдармен және академиялық қауымдастықпен жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.
«ҚазМұнайГаз» геология, мұнай және газ кен орындарын игеру, сондай-ақ мұнай-газ химиясы бағыттарына басымдық бере отырып, 80 ғылыми-зерттеу тақырыбын қамтитын ҒЗТКЖ жөніндегі ауқымды Жол картасын жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта компания білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттары бойынша 35 жетекші жоғары оқу орнымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Біз үшін бірлескен ғылыми әзірлемелердің өнеркәсіпте нақты қолданылуы, саланың технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуі аса маңызды. Өз тарапымыздан ҚМГ елдің мұнай-газ секторы үшін ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық әлеуетті қалыптастыру бағытында Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен жұмысты жалғастырады», – деп атап өтті А.Хасенов.
Сонымен қатар кездесу аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ жасанды интеллектіні қолдана отырып әзірленген бірқатар цифрлық шешімдерін таныстырды. Атап айтқанда, ABAI интеллектуалды кен орны платформасы мен өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған TUMAR жүйесінің жұмысы көрсетілді. Бұдан бөлек, елдегі мұнай өнімдерінің тапшылығы мен артық көлемін болжауға арналған KMG.AIAN мамандандырылған аналитикалық құралы таныстырылып, оның отын балансын басқару тиімділігін арттыруға, жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, отын тапшылығы тәуекелдерін төмендетуге және басқарушылық шешімдерді қолдауға ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҒЗТКЖ, цифрландыру, дуалды оқыту және мұнай-газ саласының ең сұранысқа ие бағыттары бойынша кадрларды мақсатты даярлау салаларында ынтымақтастық тетіктерін пысықтау үшін бірлескен жұмыс топтарын құруға дайын екендіктерін растады.