
Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) FabLab зертханасында 3D-баспаға арналған филамент өндіруге мүмкіндік беретін пластик қалдықтарын қайта өңдеуге арналған инновациялық экструдер әзірленіп, құрастырылды. Жоба университет студенттері мен мамандарының стартап-бастамасы аясында жүзеге асырылып, білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметіне тұрақты даму қағидаттарын енгізудің нақты үлгісіне айналды.
Аталған жоба «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бастамасын қолдауға бағытталған және KazGASA ESG қағидаттары мен тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық бағытын айқындайды. Университет өз қызметіне экологиялық бастамаларды жүйелі түрде енгізіп, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және тұйық циклді технологияларды дамытуға басымдық беріп келеді.
Айта кету керек, FabLab зертханасы бұған дейін халықаралық цифрлық зертханалар қауымдастығы – FabLabs.io желісінің құрамына енген. Бұл қадам зертхананың халықаралық ашық технологиялық өзара іс-қимыл стандарттарына сәйкестігін растап, университеттің жаһандық инновациялық бастамаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтті.
Жоба студенттер арасында инженерлік ойлауды дамытуға, экологиялық технологияларды насихаттауға және тәжірибеге негізделген оқыту тәсілін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар әзірленген құрылғы тұрақты даму мен инновациялық өндіріс саласындағы алдағы жобалар мен бастамалар үшін берік негіз қалыптастырады.