
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Қозыбаев университетінде ғылым мен жоғары білімді дамыту мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Вице-министр жиналған қауымды 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасымен таныстырды. Ол жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін, кадрларды даярлаудың озық деңгейін, университет инфрақұрылымы мен жоғары оқу орындарының аймақтың қоғамдық өміріне қатысуын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік AI-Sana инновациялық жасанды интеллект бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Қазіргі уақытта 569 000 студент оқытылып, 119 ЖИ агенті әзірленді.
Вице-министр биылғы оқу жылында 93 мыңнан аса грант бөлінгенін және студенттерге арналған стипендиялар 20%-ға артқанын айтты. Беделді QS World University Rankings рейтингіне 21 қазақстандық университет, ал QS Asia рейтингіне 35 университет кірді.
Елімізде 33 шетелдік университет филиалының ашылуы халықаралық студенттер санын айтарлықтай арттырды. Бүгінде олардың жалпы саны 31 500-ге жетті.
«Қазақстандағы алғашқы ынтымақтастықтың бірі – Қозыбаев университеті мен Аризона университеті арасындағы стратегиялық серіктестік. Бұл жоба Солтүстік аймақтың дамуына жаңа серпін берді, Петропавлға жүздеген талантты және болашағы зор студенттерді тартты. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ АҚШ, Қытай және Ресейден шамамен 1000 студент қос дипломдық бағдарламалар бойынша білім алады», – деді Гүлзат Ізбасарқызы.
Кездесу барысында вице-министр тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар аймақтық ғылыми кеңестердің жұмысы, жас ғалымдарды қолдау, университеттерде жасанды интеллект енгізу жоспарлары және жоғары оқу орындарын жабдықтау мәселелері талқыланды.