
19 қарашада Брюссель қаласында Қазақстан Республикасының қатысуымен мазмұны өзара байланысты екі халықаралық іс-шара өтті: Horizon Europe бағдарламасының ұлттық үйлестірушілерінің жыл сайынғы кездесуі мен Еуропалық шикізат апталығы аясында өткен стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар жөніндегі кеңес өтті.
Бұл кездесулер еліміздің еуропалық ғылыми-технологиялық бастамаларға қатысуын талқылауға және қазақстандық ғылымды интернационализациялау бағытындағы жұмыстардың нәтижелерін көрсетуге маңызды алаң болды. Іс-шараларға ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары және ЕО бағдарламасына қатысу жөніндегі ұлттық үйлестіруші Алия Сембаева қатысты.
Horizon Europe үйлестірушілерінің кездесуі Қазақстан үшін қатарынан үшінші рет өткізіліп отыр және бағдарламаға қатысудың тұрақты дамуын көрсетті. Соңғы жылдары отандық ғылыми ұйымдар тарапынан бағдарлама конкурстарына жолданатын жобалар саны артты: 2025 жылы Ұлттық үйлестіру орталығы арқылы 5 жоба, оның ішінде 2 жоба стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар тақырыбы бойынша ұсынылды. Сондай-ақ еуропалық консорциумдардың өз бастамасымен қазақстандық ұйымдарды серіктес ретінде жобаларға қосу үрдісі кеңеюде.
Кездесуде 2026-2027 жылдарға арналған Horizon Europe бағдарламасының жаңа Жұмыс бағдарламасы желтоқсан айында ашылатыны жөнінде хабарланды, бұл қазақстандық зерттеушілер үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Қазақстанның RAMP (Raw Materials for the Green and Digital Transition) бастамасына қосылуы да маңызды нәтижелердің бірі болды. Бұл – жасыл және цифрлық трансформация үшін қажет стратегиялық шикізаттың тұрақты және әртараптандырылған тізбектерін қалыптастыруға бағытталған он жылдық еуропалық бағдарлама. Бастама 26 елді, ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіп өкілдерін біріктіріп, геологиялық барлау, шикізатты өңдеу, өндіру тиімділігін арттыру, жаңа материалдар әзірлеу және айналымдық экономика шешімдерін енгізу сияқты бағыттарды қамтиды.
RAMP бастамасына қосылу қазақстандық ғылыми ұйымдарға халықаралық жобаларға тікелей қатысуға және еліміздің еуропалық зерттеу кеңістігіне интеграциясын күшейтуге мүмкіндік береді.
Стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар тақырыбы және RAMP бастамасына қатысу мәселелері Еуропалық шикізат апталығы аясындағы кеңесте жалғасын тапты. Кездесуде ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары, елдің ғылыми және геологиялық әлеуетін пайдалану мүмкіндіктері және ұлттық басымдықтарды Еуропаның орнықты технологиялар жөніндегі күн тәртібімен үйлестіру мәселелері талқыланды.
Министрлік бұл кездесулердің нәтижелеріне Horizon Europe бағдарламасына қатысудың артуы, жаңа тақырыптық жобалардың ұсынылуы және RAMP бастамасына қосылуды қазақстандық ғылымның халықаралық деңгейге шығуына маңызды серпін беретінін атап өтеді. Бұл қадамдар отандық ғылыми ұйымдардың ұзақ мерзімді халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.