Елордада "Заң мен тәртіп" – "Астана – есірткісіз қала!" тақырыптық пойызы іске қосылды

Елордада "Заң мен тәртіп" – "Астана – есірткісіз қала!" тақырыптық пойызы іске қосылды

     Астанада күн сайын Астана – Бурабай бағыты бойынша қатынайтын "Астана – есірткісіз қала!" тақырыптық жолаушылар пойызының тұсаукесері өтті.

     Ауқымды профилактикалық жоба Астана қаласы полиция департаментінің бастамасымен көліктегі полиция департаменті мен Сарайшық ауданы әкімдігінің, қоғамдық ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаға ҚР Пенчак Силат қауымдастығы, "Жасыл желкен" қоғамдық қоры, "O.Y.A.N" ПД ерктілері және "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы атсалысты.

     Тақырыптық пойыз есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған жаңа әрі ауқымды профилактикалық жобаға айналды. Оның вагондары есірткіден бас тартуға, салауатты өмір салтын ұстануға және заң талаптарын сақтауға үндейтін ақпараттық материалдар мен профилактикалық жазбалармен безендірілген. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға мүмкіндік беретін анонимді қызметтердің байланыс нөмірлері орналастырылған.

     Пойыз күн сайын Астана – Бурабай бағыты бойынша қатынап, жылжымалы профилактикалық алаң ретінде қызмет етеді. Оны күн сайын жүздеген жолаушы пайдаланады. Осылайша есірткіге қарсы ақпараттық материалдар кең аудиторияны тұрақты қамтып, салауатты өмір салтының құндылықтарын, жеке жауапкершілікті және есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.

     Профилактикалық жұмыс "Нұрлы жол" теміржол вокзалының аумағында да ұйымдастырылды. Мұнда интерактивті және ақпараттық алаңдар құрылып, спорттық және көрсетілімдік қойылымдар өтті. Вокзалдың ақпараттық экрандарында есірткіге қарсы бейнероликтер көрсетілді.

     Вокзал – елорда тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланатын орындардың бірі. Сондықтан мұнда профилактикалық жұмыстар жүргізудің маңызы зор. Енді жолаушылар есірткіге қарсы бейнероликтер мен ақпараттық материалдарды тұрақты түрде көріп, қажетті ақпарат ала алады. Ал тақырыптық пойыз өз бағыты бойынша күн сайын профилактикалық миссиясын жалғастыра береді.

     Жобаның салтанатты ашылуы аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жобаның таныстырылымы өтіп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар көркем шығармалар көрмесі, полицияның кинологиялық қызметінің көрсетілімдері, спорттық қойылымдар, интерактивті профилактикалық алаңдар және полицияның заманауи технологиялары таныстырылды. Келушілерге робот-иттің мүмкіндіктері де көрсетілді.

     Жоба бір күндік іс-шарамен шектелмейді. Профилактикалық акциялар вокзалда да, пойыз ішінде де тұрақты түрде жалғасып, елорда тұрғындары мен қонақтарын жүйелі түрде қамтитын болады.

     Жоба мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, волонтерлер мен жастардың күш-жігерін біріктіре отырып, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға және қоғамда есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты орнықтыруға бағытталған.