
Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша Астана қаласының полиция департаменті ғимаратында тергеу және анықтау басқармаларының, әскери-тергеу және криминалистикалық бөлімшелердің, сондай-ақ заң қызметтерінің жұмысын жетілдіру мәселелеріне арналған аймақтық семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға еліміздің бірқатар өңірінен ішкі істер органдарының бейінді бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты. Қатысушыларды Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов құттықтау сөзбен ашты. Ол тергеу қызметін дамытуда жүйелі тәсілдің маңызын, заңнаманың жаңа нормаларын енгізу және құқық қолдану практикасының сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.
ІІМ тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов тергеу бөлімшелерінің қызмет қорытындылары және қолданыстағы заңнаманың жаңа баптарын қолдану талаптары туралы баяндама жасады.
Семинар барысында қаңтар айындағы тергеу бөлімшелерінің жұмысы қорытындыланды.
Қатысушылар жедел-криминалистикалық қызметтің тиімділігін арттыру шараларын, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелерін, әскери-тергеу органдары жұмысының ұйымдастырылуын, сондай-ақ заңнамалық өзгерістерді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді талқылады.
Сонымен қатар тергеушілерді практикалық бағытта даярлау және олардың қызметіне цифрлық құралдарды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруға, заңды нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар ұсыныс әзірленді.