
Қыс мезгілінің басталуына байланысты Ақтөбе облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы автожолдардың жай-күйіне бақылауды күшейтті.
Бүгінгі таңда республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 684 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде жолдарды қардан уақтылы тазаламау, көктайғаққа қарсы өңдеу жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілуі, жол белгілерінің көрінбеуі, сондай-ақ жол жамылғысының талапқа сай күтіп-ұсталмауы сияқты бірқатар кемшіліктер анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жауапты ұйымдарға оларды белгіленген мерзімде жою туралы 410 нұсқама берілді. Сонымен қатар автомобиль жолдарын талапқа сай күтіп-ұстамағаны үшін 66 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтегеннің айтуынша, қысқы кезеңде жолдарды дер кезінде тазалау, көктайғақтың алдын алу және арнайы техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Қабылданып жатқан шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Аталған жұмыстар күнделікті негізде жүргізіліп, тұрақты бақылауда.