Заң мен тәртіп: Қарағандыда студенттерге заңсыз әрекеттердің салдары түсіндірілді

Заң мен тәртіп: Қарағандыда студенттерге заңсыз әрекеттердің салдары түсіндірілді

     Қарағандыдағы Банк колледжінде полиция департаменті мен облыстық прокуратураның қызметкерлері "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында студенттермен кездесу ұйымдастырды.

     Іс-шараға сондай-ақ есірткі қылмысына және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармаларының өкілдері қатысты.

     Кездесу барысында облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов пен полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов сөз сөйлеп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

     Қуаныш Орынбетов өңірде есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы жедел іс-шаралар нәтижесінде облыс аумағында 5 есірткі зертханасы жойылған. Ал биылғы жылдың басынан бері бір есірткі зертханасы мен екі фитозертхана анықталып, олардың қызметі тоқтатылған.

– Ең өкініштісі, есірткі қылмыстарына жастардың тартылуы алаңдатады. Сондықтан сіздерді мұндай заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз, – деді ол.

     Іс-шара аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері студенттерге нашақорлықтың алдын алу бағытындағы бейнероликтерді ұсынды. Сонымен қатар департаменттің кинологиялық қызмет орталығы қызметтік иттердің есірткі заттарын анықтау барысындағы жұмысын көрсетті. Кездесуде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Абылай Жұманов интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары мен дропперліктің қауіптілігі туралы ақпарат берді.

     Айта кетейік, жыл басынан бері жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде алаяқтарға банк карталарын заңсыз берген 10 дроппер анықталған. Олардың төртеуіне қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Белгілі болғандай, ұсталғандардың басым бөлігі – студенттер.

     Осыған байланысты жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі ерекше атап өтілді.

– Бүгін бізге өте қажетті дәріс өтті. Полиция қызметкерлерінен өзімізге қажетті ақпарат алып, санамызға тоқып алдық. Есірткі қылмысының және интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттарды студенттер арасында бөлісіп отырамыз, – деді 2-курс студенті Айсана Камбарова.