Киелі өлкенің табиғатын қорғау – басты назарда

Киелі өлкенің табиғатын қорғау – басты назарда

     Маңғыстау өңірі – Каспий теңізі мен кең даланың тоғысқан, табиғаты ерекше аймақ. Бұл аумақта экожүйенің тепе-теңдігін сақтау және биологиялық ресурстарды қорғау мәселесіне айрықша мән беріледі.

     Каспий теңізі – сирек кездесетін балық түрлерінің мекені. Осы байлықты сақтау мақсатында құқық қорғау органдары браконьерлік әрекеттердің алдын алуға бағытталған рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

     Теңіз акваториясымен қатар, құрлықтағы аумақ та бақылауда. Маңғыстаудың кең даласы мен қыратты өңірлері дрондардың көмегімен әуеден бақыланып, жердегі патрульдік топтармен қоса қадағаланады.

     Маңғыстау облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасына қарасты табиғатты қорғау полиция тобы өңірдегі экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуде. Қызметкерлер заманауи техникалармен жабдықталып, жедел әрекет етеді.

     Жыл басынан бері өңірде экологиялық заңнаманы бұзудың 22 дерегі тіркеліп, 510 адам заң алдында жауапкершілікке тартылды. Рейдтер барысында заңсыз ауланған 30 киік ұшасы, 14 мүйіз, 4 қарақұйрық, сондай-ақ 425 келіден астам бекіре балығы мен 10 келіге жуық қара уылдырық тәркіленді.

     Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар табиғи ресурстарды сақтауға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

     Каспий теңізі мен Маңғыстаудың шетсіз-шексіз даласы – елдің табиғи қазынасы. Оны қорғау – құқық қорғау органдары мен қоғамның ортақ міндеті.