Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында тоқыма өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аумағы 20 гектарды құрайтын өндірістік алаңда «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның мақта-мата жіптері мен джинс матасын өндіретін заманауи фабрикасы салынып жатыр. Түркістан облысының әкімдігі тарапынан кәсіпорынға қажетті инженерлік инфрақұрылымды жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, өндірістік нысанға электр энергиясы, газ, су және басқа да инженерлік желілерді жеткізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Құрылыс барысын бақылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «TURAN» арнайы экономикалық аймағының 290 гектар аумақты құрайтын қосалқы аймағына арнайы барды. Компания өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарын пысықтады.
Нысанды аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жауапты тұлғаларға жобаны инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдету, туындаған мәселелерді инвестормен бірлесіп уақытылы шешу және әр бағыт бойынша нақты жұмыс кестесін сақтауды қамтамасыз етуді жүктеді. Одан бөлек, инвесторларға өндірістік ғимараттардың құрылысын сапалы әрі бекітілген кестеге сай аяқтауды, сондай-ақ құрылыс алаңындағы жұмысшылар мен техника санын қажеттілігіне қарай арттырып, еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Мақта-мата жіптері мен джинс матасын өндіру жобасының жалпы құны – 25,8 млрд теңге. Кәсіпорынның бірінші кезеңін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Жоба толық қуатына шыққанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыстарын «Qaz Build Elements» ЖШС жүргізуде.
Қазіргі таңда жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жатақхана мен офистік ғимараттардың құрылысы аяқталуға жақын. Екі өндірістік ғимарат бойынша жер жұмыстары, іргетас құю, бетондау және металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары аяқталған. Құрылысқа 4 техника және 40-қа жуық жұмысшы жұмылдырылған. Сонымен қатар кәсіпорынды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын.
Жалпы, «Hygeia Textile Kazakhstan» жобасы – Түркістан облысында мақта шикізатын терең өңдеуге, дайын өнім көлемін арттыруға және тоқыма өнеркәсібін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі. Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері ұсынылатын индустриялық аймақтар және дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға немесе сатып алуға мүмкіндік беретін шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істейді. Сонымен қатар терең өңдеу өндірісін дамытуға бағытталған инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. Аталған аймақтарда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың іске асу барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі