ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА КӨЗ АУРУЛАРЫ МЕН МИКРОХИРУРГИЯ ҚЫЗМЕТТЕРІН КӨРСЕТЕТІН ЖАҢА КЛИНИКА АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН:  ЖЕТІСАЙДА КӨЗ АУРУЛАРЫ МЕН МИКРОХИРУРГИЯ ҚЫЗМЕТТЕРІН КӨРСЕТЕТІН ЖАҢА КЛИНИКА АШЫЛДЫ
Бүгін Жетісай ауданында тұрғындарға жоғары технологиялы көз ауруларын диагностикалау және емдеу қызметтерін көрсететін жаңа көз аурулары клиникасы өз жұмысын бастады. Аталған медициналық орталық қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және офтальмологиялық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Оның ішінде көз микрохирургиясы бойынша озық операциялар да жасалады.
Орталықтың ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов және тұрғындар қатысты. Шара барысында медициналық мекеменің маңыздылығы мен өңір тұрғындарына сапалы көмек көрсету мүмкіндіктері айтылды.
Асқар Ауашовтың жеке қаржысы есебінен салынған клиника 22 төсек орынға есептелген. Онда көздің қабынулары мен катарактаға, глоукома мен қитарлыққа, көзге ет өсуі мен көз түбінің ауруларына қажетті барлық емдік шаралар қарастырылып, күніне 20-ға жуық ота жасау мүмкіндігі бар. Ота жасау мен диагностикаға қажетті медициналық құрал-жабдықтар Жапония, АҚШ және Германия елдерінен алынған. 12 маман жұмыс істейді.
Аудан басшысы жаңа клиниканың ашылуы жергілікті тұрғындардың көз денсаулығына қатысты қызметтерге қолжетімділігін арттыратынын және күрделі офтальмологиялық оталарды орындау үшін тұрғындардың басқа қалалар мен көршілес елдерге бару қажеттілігін төмендететінін айтты.
Аталмыш медициналық орталықтың ашылуы арқылы Жетісай ауданымен қатар Мақтаарал, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандарының тұрғындары өз көзіне қатысты кең көлемді диагностика және емдеу қызметтерін ала алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі