Бүгін Түркістан музыкалық драма театрында «Бекзат» драмалық жаңа премьерасына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Қойылым боксшының туғанына 45 жыл толуына орай сахналанады. Киелі Түркістан топырағында дүниеге келген Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмір жолы бейнеленген қойылым театрдың V маусымының алғашқы премьерасы. Спектакль - тек шаршы алаңдағы жеңістерді ғана емес, ананың алаңдаған жүрегін, әкенің үкілі үмітін, алғашқы махаббаттың мөлдір сезімін, жарыстардағы бәсекелестікті шынайы жеткізеді.
Қойылым идеясының авторы – Асылхан Төлепов, жоба жетекшісі - Айгерім Бозщина. Ал пьесаның авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – Карло Шакалуга. Аталған қойылымның премьерасы 2025 жылдың 9-12 қазан күндері аралығында сағат 19:00-де өтеді.
Бекзаттың бокстағы алғашқы баспалдағы бапкері Нұрлан Жұмабаевтың қолында басталған. Кейін ол ұлттық құраманың танымал жаттықтырушылары Александр Апачинский пен Тұрсынғали Еділовтің қолдауымен халықаралық аренаға шықты. Олимпиада қарсаңында спортшы еліміздің әйгілі спорт саңлақтары Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдабековтердің тәжірибесінен тағылым алған.