Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында Жетісай ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және бірқатар жобаларды жүзеге асыру қолға алынды. Атап айтқанда, жалпы аумағы 59 га құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құруға қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп беру мақсатында ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан басшысы Серік Мамытов аталмыш аймақта болып, құрылысы жүріп жатқан зауыттарды аралап, шетелдік инвесторлармен кездесті.
Жалпы құны 15 млн АҚШ долларын (7,5 млрд теңге) құрайтын зауыт ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын болады. Соңғы 30 жылда ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыт аудан экономикасының дамуына тың серпіліс берері сөзсіз.
Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде индустриялды аймақта орналастырылуы межеленген жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 9 жобаның 29,9 млрд теңгені құрайтын 6 жобасы, нақтырағы, сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары 2026 жылы пайдалануға беріліп, жаңадан 1083 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, ауданға 2022 жылы 14,9 млрд теңге, 2023 жылы 25,4 млрд теңге, 2024 жылы 43,7 млрд теңге, ал, биылғы жылдың 8 айында 22,3 млрд теңге қаржы тартылып, соңғы 5 жылда инвесторлар есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 млрд теңгеге жеткен. 2024-2030 жылдар аралығында бұл бағытқа 419,6 млрд теңгенің инвестициясын тарту көзделген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі