
ШҚО Полиция департаменті құқықтық тәртіпті нығайту бойынша басым міндеттерді белгіледі
Бүгін Департаменттің саптық алаңында ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтің жетекшілігімен гарнизондық жиын өтті.
Заңдылықты, тәртіпті және қызметкерлердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Арнайы және кәсіби даярлығы басқармасы қоғамдық тәртіпті күзетуге түсетін жеке құрамға нұсқаулық жүргізді.
Облыстың бас полицейі жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде:
«Заң барлық жерде және бәріне ортақ орындалуы тиіс — бұл біздің басым міндетіміз. Полиция тәртіп пен жинақылықтың үлгісі болуы қажет»,- деп атап өтті.
Жиын барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ойын-сауық мекемелерінде түнгі рейдтер жүргізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, тұрғындарға ағымдағы жылдың 2 наурызында күшіне енген «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» Заңның талаптарын жеткізу тапсырылды.
Сонымен қатар, қызметке жауапкершілікпен қарау және заңдылықты қатаң сақтау қажеттілігі айтылды.
Гарнизон соңында полицейлер салтанатты маршпен жүріп өтіп, өз бағыттары мен қызметтік учаскелері бойынша қоғамдық тәртіпті күзетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі