ШҚО-да арнайы техникамен заңсыз алтын өндіру фактісі анықталды
ШҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңір аудандарының бірінде бағалы пайдалы қазбаларды заңсыз өндірген адамдар тобын анықтады.
Заңсыз әрекеттерді толық тіркеу мақсатында жедел уәкілдер ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратын пайдаланып, заңсыз жер жұмыстарын жүргізілген жердің нақты орнын анықтады. Жедел іс-шаралар нәтижесінде құқық бұзушылық орнында алты адам ұсталды.
Тергеу әрекеттері барысында бір экскаватор, үш металл іздегіш құрылғы, екі автокөлік және топырақ үлгілері алынды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жерасты ресурстарына келтірілген залалдың мөлшерін анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды.
Айта кететіні мұндай заңсыз әрекеттер тек мемлекет экономикасына ғана емес, сондай-ақ өңірдің экологиялық жүйесіне – флора мен фаунаға, табиғи ландшафтқа да елеулі зиян келтіреді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, кез келген заңсыз әрекет туралы «102» нөміріне хабарлауды сұрайды. Табиғи байлықтарымызды қорғайтын тиімді күрес тек бірлескен күш-жігер арқылы мүмкін болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ерлік – елге мұра: Капитан Мұрымбаевты еске алу
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Полиция бөлімінде қызметтік борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Мұрымбаев Жалелхан Слямханұлы құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Офицерді еске алуға оның әріптестері, аудан әкімдігінің өкілдері, ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев, марқұмның туыстары мен жақындары, сондай-ақ кадет сыныбының оқушылары қатысты. Іс-шара бір минут үнсіздікпен басталып, халық үшін жанын қиған ержүрек офицерге деген терең тағзыммен жалғасты.
Полиция капитаны Мұрымбаев антына адал болып, ерекше ерлік танытты. Ол Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен (қаза тапқаннан кейін) марапатталды.
— «Капитан Мұрымбаев — ерлік пен адалдықтың нағыз бейнесі. Оның қайсарлығы — Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі. Ол өз өмірін құрбан етіп, өзгелердің өмірін аман сақтап қалды. Біз оны әрдайым есте сақтаймыз және болашақ полицейлерді оның ерлігімен тәрбиелеуді жалғастырамыз», — деді Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков.
«Жас сақшы» патриоттық сыныбының оқушылары отансүйгіштік тақырыбындағы өлеңдерін оқып, өз өмірін ел жолында сарп еткен жерлес батырдың ерлігін мақтанышпен келер ұрпаққа жеткізуге уәде берді. Себебі, батырлар — оларды жадымызда сақтағанда ғана өмір сүреді.
Полиция капитаны Жалелхан Мұрымбаевтың жарқын бейнесі оны таныған және ерлігі туралы естіген жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Оның есімі — қайсарлықтың, ар-намыстың және Отанға деген өлшеусіз сүйіспеншіліктің үлгісі ретінде ел тарихына мәңгілікке жазылды.
Әке жолын жалғаған ұлы бүгінде Қазақстан халқына қызмет етуді өмірлік мұрат етіп, капитан Мұрымбаевтың артында қалдырған өнегелі жолын абыроймен жалғастырып келеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны «емге көмектесу» сылтауымен 7 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды
Өскемен қаласының полициясына қала тұрғынынан оның алданып қалғаны жөнінде арызы түскен.
Жәбірленушінің айтуынша, 2023 жылдың қаңтар айында танысы анасының еміне ақша қажет деген желеумен оны алдап, ірі көлемдегі қаржысын иемденіп кеткен. Келтірілген шығын көлемі – 7 714 000 теңге.
Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуға және төмендегі қауіпсіздік шараларын туралы ескертеді:
– Ақша қаражатын берген кезде барынша сақ болыңыздар, әсіресе достар, таныстар немесе туыстардан көмек сұраған кезде;
– Ақпараттың рас-өтірігін міндетті түрде тексеріңіздер, әсіресе егер өтініш шұғыл түрде, эмоциялық қысыммен айтылса;
– Шешім қабылдауға асықпаңыздар – уақыт алып, басқа туыстармен кеңесіп, деректердің дұрыстығын салыстырыңыздар;
– Қомақты соманы құжатсыз немесе қолхатсыз беруден аулақ болыңыздар, тіпті сенімді адамдардан өтініш түссе де.
Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай жағдайлар туралы ақпаратқа ие болсаңыз, бірден 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөліміне хабарласыңыз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Өскеменде полицейлер бір тәулік ішінде жоғалған жасөспірімді тапты
Өскемен қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына жергілікті тұрғын 17 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Әйел адамның айтуынша, ұлы таңертең колледжге кеткен, алайда үйге оралмаған. Сабақ кестесіне сәйкес, жасөспірім сағат 15:00-де үйде болуы тиіс еді, алайда белгіленген уақытта келмеген. Анасы бірнеше рет телефон шалғанымен, баласының ұялы телефоны сөндірулі болған.
Жоғалған баланы өз бетінше іздегенімен, нәтижеге жете алмаған ана көмекке полицияға жүгінген. Полицейлер бірден іздестіру іс-шараларына кірісті. Колледжден үйге дейінгі бағыттағы барлық бейнебақылау камералары тексеріліп, қаланың түрлі аудандарындағы жазбалар зерделенді. Жиналған деректер негізінде жасөспірімнің қозғалыс хронологиясы жасалды.
Жедел-іздестіру іс шаралары барысында полицейлер жақын маңдағы аумақтарды, иесіз қалған үйлер мен құрылыстарды, сондай-ақ жасөспірім болуы мүмкін басқа да орындарды тексерді. Аудан аумағындағы дүкендер де назардан тыс қалмады — солардың біріндегі бейнежазбадан колледж студенті анықталды.
Кейіннен полйцейлер жасөспірімді саяжай аумағының маңынан тапты. Тәртіп сақшыларына берген түсініктемесінде ұл бала бірнеше күн бойы сабаққа бармағанын, уақытын компьютерлік ойындарға арнағанын, ата-анасы біліп қоя ма деген қорқынышпен үйге қайтуға батылы бармаған.
Кәмелетке толмаған жасөспіріммен ата-анасының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, мұндай әрекеттің салдары, оның ішінде жеке қауіпсіздік, күн тәртібін сақтау және заңды өкілдер алдындағы жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Бұл жағдай — уақытылы әрекет етудің, ата-аналар тарапынан тиісті бақылаудың және балалар мен ересектер арасындағы тұрақты байланыстың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Интернет-алаяқтар туралы ақпарат енді дүкен сөрелерінде қолжетімді
Шығыс Қазақстан облысында полицейлер ерекше бастаманы қолға алды – жергілікті «Восток Молоко» корпорациясы шығаратын айран қаптамасында енді «Алаяқтардан сақ бол» деген жазуы бар арнайы QR-кодтар орналастырылды.
Кодты сканерлеу арқылы тұтынушылар алаяқтық схемалардан қорғану жолдары, күдікті жағдайлар туындағанда хабарласуға болатын байланыс нөмірлері және облыстық Полиция департаментінің ресми парақшасына өту арқылы қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады.
«Біздің мақсатымыз – әр отбасыға үн қату. Біз күнделікті тұтынылатын өнімдер арқылы әрекет етудеміз. Бұл – қарапайым, ыңғайлы әрі тиімді тәсіл», – деді ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Д. Камалханов.
Полицейлер қала тұрғындары мен аймақ қонақтарының барынша кең ауқымын қамтып, оларды алаяқтардан сақтану жолдары жөнінде ақпараттандыруды көздеп отыр.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО-да 1,4 млн теңгеге 25 айыппұлы бар жүргізуші ұсталды
Өскеменде «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері белгіленген тәртіппен тіркелмеген транзиттік нөмірлері бар «Toyota» маркалы автокөлікті анықтаған.
Тексеру барысында көлік тізгінінде 24 жастағы жүргізуші отырғаны белгілі болды. Оның атына жалпы сомасы 1 400 000 теңгені құрайтын 25 төленбеген айыппұл тіркелген. Барлық құқықбұзушылықтар жылдамдықты арттырумен байланысты болып, «Мерген» автоматты тіркеу камералары арқылы тіркелген.
Жиналған материал сотқа жолданып, автокөлік қарыз толық өтелгенге дейін айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар, жүргізуші көлік құралын тіркеусіз басқарғаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Антқа адалдық – Халыққа адалдық: ШҚО-да полиция қатары толықты
Шығыс Қазақстан облысында жас полицейлердің өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі – салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Осы күні ШҚО полиция департаментінің 50 жас қызметкері Отанға адал қызмет ету жолына ресми түрде қадам басып, халық пен заң алдындағы борышына адал болуға ант берді.
Іс-шара ерекше тебіреніс пен мақтанышқа толы атмосферада өтті. Салтанатқа Департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, тәлімгерлер, сондай-ақ жас қызметкерлердің ең жақын адамдары – ата-аналары мен жақын туыстары қатысты. Олар жас полицейлердің қызмет жолындағы жауапкершілігін түсініп, сол жолдағы барлық сезімді бірге бөлісіп, олардың таңдауы үшін шын жүректен мақтан етеді.
Салтанатты рәсімде құттықтау сөз сөйлеген Департамент бастығының уақытша міндетін атқарушы Алмас Төкенов жас қызметкерлердің жоғары дайындық деңгейін, білімге құштарлықтарын, тәртіп пен жауапкершілікке деген көзқарастарын атап өтті. «Антқа адалдық – бұл жай ғана сөз емес. Бұл – сіздерді бүкіл қызмет жолында жетелейтін өмірлік ұстаным», – деді полковник.
Рәсім барысында қызметтік міндетін адал атқарған 18 қызметкер марапатталып, алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Сондай-ақ, 8 қызметкерге кезекті арнайы шендер табысталды. Бұл марапаттар – олардың кәсібилігі мен қызметке деген адалдығының айқын дәлелі .
Шара барысында Ардагерлер кеңесі мен Тәлімгерлер кеңесінің өкілдері де ізгі тілектерін білдіріп, жас қызметкерлердің отбасыларына – ата-аналары мен жұбайларына ерекше алғыс айтты. Себебі, олардың қолдауы мен түсіністігі – құқық қорғаушылар үшін берік тірек.
Мерекелік көңіл-күйді Департаменттің хоры орындаған «Рух» патриоттық әні мен ШҚО полиция департаментінің әнұраны жандандыра түсті. Бұл әндер қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, жүректерінде елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятты.
Бұл салтанатты сәт – тек ресми рәсім ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының, дәстүрге адалдықтың және «Полиция қызметкері» деген мәртебелі атаққа лайық болудың символына айналды. Бұл күн әрбір жас қызметкердің қызметтік өміріндегі жаңа, жауапты кезеңнің бастауы ретінде ұзақ уақыт есте қалары сөзсіз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО полицейлері қаланы көгалдандыруға үлес қосты
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қаланы көгалдандыру мен тазалық жұмыстарына арналған сенбілікке белсенді қатысып, қоғамдық орындардың көркеюіне өз үлестерін қосты.
Полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полиция полковнигі Алмаз Төкенов № 23 учаскелік полиция пунктінің жанында ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты.
«Көгалдандыру – бұл болашаққа бағытталған қадам. Біз тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қоймай, жайлы әрі жасыл орта құруға да атсалысып келеміз», – деді ол.
Қаланың орталық бөлігінде өткен сенбілікке Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Руфат Қажымқановта қатысты.
«Қала тазалығы мен жасыл келбеті – баршамыз үшін маңызды. Біз әрбір тұрғын өзін жайлы сезінетін орта қалыптастырғымыз келеді», – деді ол өз сөзінде.
Сенбілікке барлық бөлімшелерден келген полиция қызметкерлері қатысты. Қала аумақтары қоқыстан тазартылып, жиектер әктеліп, ондаған ағаш пен бұта отырғызылды.
Бұл шара – полиция қызметінің тек құқықтық тәртіппен шектелмейтінін, қоғам мен табиғатқа деген жауапкершілікпен ұштасатынын айқын көрсетті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Көктемгі жол бақылау жұмыстары: 200-ден астам бұзушылық фактілері анықталды
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК өкілдерімен бірлесіп, автомобиль жолдарының көктемгі кешенді тексерісін жүргізуде.
Тексеріс барысында жол белгілерінің, жол таңбаларының және қоршаулардағы катафоттардың күйіне ерекше назар аударылып, жолдардың көріну мүмкіндігі мен қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі бағалануда.
Тексеру жұмыстары нәтижесінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін 200-ден астам кемшілік анықталды. Ол кемшіліктерді жою бойынша 120 нұсқама беріліп, 10 жол ұйымының басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, ШҚО Полиция департаменті жол ұйымдарымен бірлесіп, 60-тан астам апатты-қауіпті учаскелерді жою бойынша ұсыныстар дайындады. Патрульдік полиция мен жол ұйымдарының техникалық қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері де белсенді түрде пысықталуда.
Аталған шаралар жол-көлік оқиғаларын азайтуға және жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
ШҚО ПД баспасөз қызметі