
Түркістан облысының жолдарында мыңдаған құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендету және жүргізу мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Үш тәулік ішінде полицейлер 5089 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Айыптұраққа 384 көлік құралы қойылды.
Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жайттарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда: мас күйінде автокөлікті басқарудың 5 жайты және қарсы жолаққа шығудың 13 фактісіне тосқауыл қойылды. Сондай-ақ көлік құралын басқару кезінде телефон пайдаланғаны үшін 301 жүргізуші, бұрын басқару құқығынан айырылған 4 жүргізуші және жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізген 95 адам жауапқа тартылды. Барлық факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.
Мәселен, полицейлер Сарыағаш қаласында патрульдеу барысында Toyota Corolla автокөлікті тоқтатты. Жүргізуші 2025 жылдың шілдесінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін басқару құқығынан айырылғаны анықталды, бірақ ол рөлге қайта отырған. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар Төлеби ауданында Hyundai автокөлігін тексеру кезінде салонынан газ пистолеті табылып, тәркіленді. Қару иесі сақтау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Полиция жол ережесін қатаң сақтауға шақырады.