
Қарағанды облысында полиция «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитариялық талаптар мен абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтті. Жыл басынан бері полицейлер 38 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Талаптарды жүйелі түрде елемеген 220 құқық бұзушыға айыппұл салынды, 38 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды, бір адам әкімшілік қамаққа алынды. Бақылау тек көшелер мен аулалармен шектелмейді. Полиция қызметкерлері жанармай құю станцияларын, қоғамдық тамақтану орындарын, дүкендерді, құрылыс нысандары мен кәсіпорындарды да тексеруде. Нәтижесінде 417 заң бұзушылық анықталып, оларды жою туралы 417 нұсқама берілді. Қайта тексеру барысында 286 тұлға жауапкершілікке тартылды. Дрондар – заң бұзушылықты анықтаудың тиімді құралы. Проблемалық учаскелерді бақылау кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары белсенді қолданылуда. Әуеден жүргізілген мониторинг нәтижесінде рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталып, қоқысты белгіленбеген жерлерге төккен 100-ден астам жүк көлігі тоқтатылды. Құқық бұзушылық жасаған барлық автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Көлік иелеріне автокөлікті тек қоқысты заңсыз төгу фактісі жойылып, салынған айыппұлдар, оның ішінде экология департаменті шығарған қаулылар бойынша берешек өтелгеннен кейін ғана алу мүмкіндігі берілген. Бүгінде өңірде 148 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды. Қоқыс тастау қаупі жоғары аумақтарда тәулік бойы патрульдік бақылау ұйымдастырылуда. Қалдықтарды тасымалдаушыларға жауапкершілік талаптары түсіндіріліп, ескерту жұмыстары жүргізілуде. Бір аптада – мыңнан астам құқық бұзушылық. Экологиялық тәртіпті бақылау бойынша рейдтер күн сайын өткізіледі. Тек соңғы жеті күнде 1015 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Заңды тұлғаларға жүргізілген тексерулер барысында аумақтарды қоқыспен ластаудың 8 фактісі анықталды. Оның ішінде 5 жер учаскесінің иесі полицияның қосымша шара қолдануын күтпей, аумақты өз еркімен тазартуға кірісті. Ал қоқысты белгіленбеген жерге төккені үшін ұсталған екі автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерінің санитариялық жағдайы да бақылауда. Қараусыз қалған аумақтарға қатысты 13 КСК басшысы мен үй старостасы жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар санитариялық талаптар мен абаттандыру қағидаларын жүйелі түрде сақтамаған 239 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Полиция қызметкерлері жеке секторларды, саяжай алқаптарын және өндірістік аймақтарды күн сайын аралап, қайталама құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударуда. Кәсіпкерлер үшін анықталған кемшіліктерді жоюдың жеке кестелері әзірленіп, олардың орындалуы бақылауға алынған. Экологиялық тәртіпті қамтамасыз етуге тұрғындар да белсенді атсалысуда. Азаматтар қоршаған ортаның ластануы мен заңсыз қоқыс орындары туралы ақпаратты чат-боттар, жедел желілер және аумақтық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдері арқылы хабарлай алады. Полиция экология мамандары мен волонтерлермен бірлескен жұмысты да күшейтті. Негізгі мақсат – қала маңындағы аумақтар мен автожолдар бойында пайда болатын стихиялық қоқыс орындарын жоюмен ғана шектелмей, олардың қайта пайда болуына жол бермеу.