
Қарағанды облысының полицейлерімен жұмыс кездесуі өтті. Қарағанды облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Жеке құраммен жұмыс департаментінің бастығы, полиция полковнигі Олжас Мырзабеков келді. Жұмыс сапары алдымен Қарағанды қаласы Полиция басқармасының саптық алаңында арнайы қызмет бөліністерінің, патрульдік және учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен өткен кездесуден басталды. Кездесу барысында Олжас Мырзабеков полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. "Полиция қызметкерлерінің басты міндеті – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта өздеріңізге жүктелген міндеттерді сапалы әрі бұлжытпай орындайды деп сенеміз," – деді полиция полковнигі. Сонымен қатар ол тәртіп сақшыларына «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанудың маңызын түсіндіріп, алда өтетін құрылтай сайлауы кезеңінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Ішкі істер министрінің тапсырмаларын жеткізді. Жұмыс сапары барысында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген бірқатар полиция қызметкері министрдің бұйрығымен марапатталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің қызметтік дайындығы тексерілді. Бұдан кейін Олжас Мырзабеков Полиция департаментінің мәжіліс залында аппарат басқармаларының басшыларымен, ардагерлермен, Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының өкілдерімен, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде полиция полковнигі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Әрбір қызметкер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде жоғары жауапкершілік танытып, қызметтік міндеттерін заң талаптарына сәйкес орындауы қажет екеніне назар аударды. Жиын қорытындысында полиция қызметкерлеріне заңдылықты қатаң сақтау, қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы орындау, сондай-ақ халықпен өзара сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынасты одан әрі нығайту жөнінде нақты міндеттер қойылды.