
19–23 маусым аралығында Қарағанды облысының аумағында «Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық көлік жүргізушілерінің көліктік тәртібін арттыру және жолаушылар тасымалы саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу. Іс-шара аясында өңір полицейлері уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, автобустар мен шағын автобустарға кешенді тексеру жүргізуде. Бақылау барысында көліктердің техникалық жай-күйі, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауы, қажетті рұқсат құжаттарының болуы, сондай-ақ тасымалдау қызметінің заң талаптарына сәйкестігі назарға алынады. – Іс-шараның алғашқы түні-ақ бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. «Астана – Қарағанды (айналма жол арқылы) – Алматы» автожолында 14 автобус тоқтатылып, олардың салоны ұйықтайтын орындармен заңсыз қайта жабдықталғаны белгілі болды. Оңтүстік өңірлерден қатынаған бұл көліктер жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған, – деді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров. Аталған деректер бойынша 14 жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7 және 10-бөліктеріне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, 8 автобус айыптұраққа қойылды. Қарағанды облысының Полиция департаменті жолаушылар тасымалымен айналысатын барлық ұйымдар мен жүргізушілерді қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жолаушылардың өмірі мен денсаулығы – әрбір тасымалдаушының басты жауапкершілігі. «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы 23 маусымға дейін жалғасады. Анықталған құқық бұзушылықтардың барлығы полицияның ерекше бақылауында болады.