
Қарағандыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Осы мақсатта қала аумағында қоғамдық орындарды патрульдеуге арналған роботтандырылған «робот-ит» кешені пилоттық режимде сынақтан өткізілуде. Заманауи құрылғы бейнебақылау жүргізіп, тұлғаларды тану және бейнеаналитика элементтері арқылы жедел ақпарат жинауға қабілетті. Робот алынған деректерді қолданыстағы ақпараттық жүйелермен салыстырып, іздеуде жүрген тұлғалар мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тіркеп, қажетті мәліметтерді операторларға жедел жолдай алады. Тәуліктің кез келген уақытында тиімді жұмыс істеу үшін кешен қуатты жарық шамымен, жарық сигналдары жүйесімен және дауысзорайтқышпен жабдықталған. Бұл оған ескерту және ақпараттық хабарламаларды таратуға мүмкіндік береді. Бірнеше қозғалыс режимінің арқасында робот жоғары маневрлік қасиетке ие және патрульдеу аумағында жылдам қозғала алады. Роботтандырылған кешеннің алғашқы сынақтары Қарағанды қаласының Орталық саябағында өткізілді. Жаңа технология тұрғындардың қызығушылығын тудырып, қауіпсіздік саласындағы цифрлық шешімдердің әлеуетін көрсетті. Мамандардың айтуынша, мұндай инновациялық жүйелер профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға, қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтуге және құқық қорғау органдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта жоба пилоттық кезеңде жүзеге асырылуда. Сынақ нәтижелері қорытындыланғаннан кейін роботтандырылған кешенді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінде одан әрі пайдалану мәселесі қаралатын болады.