Атырауда «Спорт – есірткіге қарсы» ұранымен каратэден республикалық деңгейдегі турнир ұйымдастырылды. Бұл ауқымды спорттық шара «Spartanes Cap» спорт клубының 10 жылдығына орай Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің бастамасымен өтті. Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ден аса жасөспірім қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру болып табылады.
Турнирге Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Құттыбай Садықов, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Нұрбол Даралиев, сондай-ақ облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Роман Ермұханов пен басқарманың жеке құрамы қатысты.
– Жастардың денсаулығы – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Спорт – жас ұрпақтың өз мүмкіндіктерін танып, дұрыс бағытта дамуына жол ашады. Біздің міндетіміз – олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, зиянды әдеттерден аулақ болуына жағдай жасау, – деді департамент бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Құттыбай Садықов.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдармен, кубоктармен марапатталып, сондай-ақ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан естелік сыйлықтарға ие болды.