
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тауарларды міндетті цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесін кезең-кезеңімен енгізуді жалғастыруда. Бұл ашық әрі бәсекеге қабілетті нарықты қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі.
Бүгінгі таңда дәрілік заттар, аяқ киім және темекі өнімдері міндетті цифрлық таңбалауға жатады. 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап киік мүйіздерін таңбалау енгізілді. Биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап сыра және сыра сусындары, сондай-ақ «Мотор майлары» тауар тобы үшін цифрлық таңбалау міндетті.
Айта кету керек, бар болғаны 25 күн ішінде «Сыра және сыра сусындары» тауар тобы бойынша 6 500-ден астам қатысушы тіркеліп, 14,7 млн таңбалау коды эмиссияланды, оның ішінде 4,2 млн код өнімге жапсырылды. Бұл көрсеткіштер нарықтың жүйеде жұмыс істеуге дайын екенін және технологиялық инфрақұрылымның тұрақтылығын растайды. Платформа штаттық режимде жұмыс істеп, өнімнің өндірушіден бөлшек саудаға дейінгі қозғалысының толық ашықтығын қамтамасыз етуде.
Сыра өнімдері бойынша таңбалауды енгізу салалық ерекшеліктерді және сегменттің технологиялық дайындығын ескере отырып жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, тұтынудың айқын маусымдық динамикасы, қаптама форматтарының әртараптандырылуы және көп айналымды ыдыстың айналым ерекшеліктері назарға алынған. Іске асыру кезең-кезеңімен интеграциялау режимінде және мерзімдерді саралай отырып жүргізілуде: кегтегі өнімдер – ағымдағы жылдың 1 ақпанынан, шыны бөтелкедегі өнімдер – 2026 жылғы қыркүйектен, ал банкідегі өнімдер – келесі жылдың қаңтарынан бастап енгізіледі. Мұндай өтпелі модель айналымға қатысушылардың есепке алу жүйелерін дұрыс бейімдеуге, таңбалау кодтарын агрегациялау және верификациялау процестерін реттеуге, өндірістік және логистикалық циклдермен синхрондауға, сондай-ақ қадағалаудың цифрлық контурын кезең-кезеңімен ауқымдауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл операциялық тәуекелдерді азайтып, тауар ағындарының тұрақтылығын сақтауға және жүйенің қамту аясын кеңейту жағдайында болжамды реттеушілік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Маңыздысы – мәселе тек қаптамаға код жапсырумен шектелмейді. Цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі тауар ағындарын бақылаудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастырады. Мемлекет үшін бұл заңсыз айналымды азайту және сала бойынша сенімді аналитика алу құралы. Адал бизнес үшін жосықсыз бәсекеден қорғау, жұмыс жағдайларын теңестіру және контрафактілік өнімнің заңды айналымға түсу тәуекелдерін төмендету, ал тұтынушы үшін тауардың түпнұсқалығы мен шығу тегінің ашықтығына қосымша кепілдік.
Тауарлық ортаның ашықтығы мен қадағалануын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттің стратегиялық бағыты өзгеріссіз қалады. Цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі Қазақстан Республикасында нарық тиімділігін арттырудың, салықтық тәртіпті нығайтудың және тең бәсекелестік жағдайларды қалыптастырудың жүйелі құралы ретінде кезең-кезеңімен кеңейтілуде.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі сыраны міндетті цифрлық таңбалауды енгізу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. 2026 жылғы 25 ақпан мен 2 наурыз аралығында аталған жоба Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланып, ашық талқылаудан өтеді. Сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15772935