Минималды бағалар деңгейін қолдану туралы шешім қабылданды

Минималды бағалар деңгейін қолдану туралы шешім қабылданды

Осы жылдың 16 маусымында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия бірақатар тауарларға қатысты минималды бағалар деңгейін (МБД) қолдану туралы шешім қабылдады.
Олар: ірімшік пен сүзбе, картоп, қырыққабат, сәбіз, саңырауқұлақтар, банан, апельсин, мандарин, алма, хурма, көкжидек, күнбағыс дәндері, маргарин, шұжық өнімдері, макарон өнімдері, минералды немесе химиялық тыңайтқыштар, еріткіштер мен сұйылтқыштар, антифриздер, шлак мақтасы, минералды силикат мақтасы, отқа төзімді кірпіштер.
Минималды бағалар деңгейі (МБД) тауарлардың көтерме және бөлшек бағасына әсер етпейді. МБД тек импорт кезінде салықтарды есептеу үшін қолданылады. МБД – бұл импорт кезінде ҚҚС төлеуден жалтаруға жол бермеуге арналған тетік.
Осыған байланысты ҚР Сауда және интеграция министрлігі республикада өндірілмейтін тауарларға МБД есептеудің жаңа формуласын айқындайтын бұйрық жобасын әзірледі.
Жекелеген тауар түрлеріне қатысты минималды бағалар деңгейін қолдану тізбесі (ҚР Үкіметінің 14.12.2021 ж. №882 қаулысы) 2 бөлімге бөлінген (бекітілу сатысында):
1. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін тауарлар;
2. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін тауарлар.
МБД импорттаушы мәлімдеген баға мен отандық өндірушілер бағасының орташа мәні ретінде есептеледі. Бұл көрсеткіш тек импорт кезінде ҚҚС сомасын есептеу үшін қолданылады.
МБД тетігі салық органдарының бастамасымен 2021 жылы қабылданған және 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданылады.
МБД тетігіне салық органдары тауарлардың тым төмен бағамен әкеліну жағдайларын тіркеген кезде жүгінеді. Мысалы, 2025 жылы нарықтық құны 500 теңге болғанда алма 9 теңгеден, нарықтық құны 1200 теңге болғанда банан 23 теңгеден, нарықтық құны 900 теңге болғанда апельсин 22 теңгеден, ал нарықтық бағасы шамамен 3,5 мың теңге болғанда шұжық 695 теңгеден әкелінген. Мұндай бағалар импорт кезінде төленуі тиіс ҚҚС сомасының айтарлықтай азаюына әкеледі.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелінетін жекелеген тауар түрлеріне қатысты сатып алынған тауарлардың құнын айқындау үшін минималды бағалар деңгейін қолдану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің м.а. 2021 жылғы 16 қарашадағы № 594-НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрық жобасын жариялады.
Аталған жоба 2025 жылдың 3 қыркүйектен 18 қыркүйекке дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан өтеді (сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15589063 ).