Биыл Маңғыстауда 5 базар жаңғыртудан өтеді

Биыл Маңғыстауда 5 базар жаңғыртудан өтеді

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Жол картасына сәйкес биыл Маңғыстауда 5 базар жаңғырту жұмысын аяқтайды. 2025 жылдың соңына дейін елде 100 базар модернизациядан өтеді. Бүгін ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев «Асем-Берекет», «Мағаш», «Сити-Центр», «РИД-СК», «РусКаз» базарларында жүріп жатқан құрылыс барысын арнайы аралады.

6 гектар аумақты алып жатқан «Асем-Берекет» базарында жаңғырту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Жоспар бойынша жаңғырту жыл соңына дейін аяқталады. 300 бөлшек сауда орнынан тұратын базардағы контейнер қатарлар алынып, орнына заманауи ғимарат салынады.

23 шағын ауданда орналасқан «Мағаш» базары мен әмбебап «Сити-Центр» базарында модернизациялау 90 % аяқталған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Заманауи базарлар қыркүйек айының соңына дейін қолданысқа берілмек.

«РИД-СК» және «РусКаз» базарларының Жол картасында бекітілген мерзімнен кеш қалу қаупі бар. 28а шағын ауданындағы «РИД-СК» базары аумағындағы инженерлік желілерді ауыстыру үшін жергілікті әкімдікпен тиісті жұмыстар жүріп жатыр. «РусКаз» базарының жаңғырту жұмысы бойынша эскиздік жоба бекітіліп, сәулет-жобалау құжаты мен жобалық-сметалық құжаттама жергілікті атқарушы органмен келісу сатысында тұр.

«Маңғыстаудағы базарларды жаңғырту жұмысының қарқынын көріп отырмын. Соңғы 2 базар жұмысты шұғыл жеделдетуі керек. Ол үшін жергілікті әкімдік қажетті құжаттарды ертерек келісуі қажет. Базарларды жаңғырту – ол бизнестің жауапкершілігі. 2026 жылдан бастап базарлар жабық ғимаратта, желдеткіш жүйесіне қосылған, өрт қауіпсіздігі және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы керек. Көлеңкелі экономиканың үлесін азайту үшін әр сауда орны қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құрылғыларымен қамтылуы қажет», - деді Ернұр Жәутікбаев.

Ұлттық даму жоспарына сәйкес 2029 жылға қарай елдегі заманауи сауда форматының үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Қазір бұл көрсеткіш 41 пайызды құрайды. Базарларды жаңғырту – елдегі заманауи сауда форматының үлесін арттыруға бағытталған негізгі қадам. Одан бөлек министрлік алдына сауда инфрақұрылым жақсарту, салаға инвестиция тарту міндеттері тұр.

Былтырдан бері ҚР Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Биыл Маңғыстауда кәсіпкерлер сауда қызметін дамыту үшін 1 млрд теңгеден астам қаражат алған. Оның 98 млн теңгесі инвестициялық жобаға тартылған. Мемлекеттік қолдау аясында министрлік несиенің пайыздық үстемесінің 10,75 пайызын субсидиялайды.

Қосымша ақпарат: Маңғыстау облысында 43 базар бар. Оның 24-і әмбебап, екеуі көтерме, қалған 19 мамандандырылған базар. 43 базарда 6 828 сауда орны бар. Өңірде жалпы 3 495 сауда нысаны, 1 752 үй жанындағы шағын дүкен, 9 ірі сауда желісі бар.