Қазақстан делегациясы сауда, инвестициялар және кәсіпкерлік жөніндегі ЭСКАТО комитетінің (CTIEBII-2025) 2-сессиясына және ESCAP ұйымдастырған арнайы сайд-ивентке – «Цифрлық сауданы интеграциялау үшін реттеушілік алшақтықтарды жабу» тақырыбындағы іс-шараға қатысты. Делегацияны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсүпов бастады.
Вице-министр Әсет Нүсіпов сауда комитетінің пленарлық отырысында ЭСКАТО Атқарушы хатшысы және Кирибати, Камбоджа мен Филиппин елдерінің сауда министрлерімен бірге сөз сөйледі. Вице-министр өз сөзінде Қазақстанның цифрлық сауда саласындағы елеулі өзгерістерін атап өтіп, Аймақтық цифрлық сауданы интеграциялау индексін (RDTII) табысты енгізгенін жеткізді. Сонымен қатар, Азия-Тынық мұхиты аймағында цифрлық реттеуші нормаларды әрі қарай үйлестірудің маңыздылығына назар аударды.
ЭСКАТО Атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алиджахбанмен, сондай-ақ TIID және OES өкілдерімен кездесуде:
Кездесу аясында сауда, инвестициялар және инновациялар жөніндегі департамент директоры Рупа Чанда бастаған жаңа ESCAP жобасы талқыланды. Жоба аясындағы тақырыптар бизнес-жаңашылдықтар мен тұрақты шешімдер платформасын дамыту, халықаралық инновациялар репозиторийін құру, жеке сектордың орнықты саудадағы рөлі, B2B әріптестіктерін дамыту, CPTPP-ке қатысу, сондай-ақ энергетика, логистика, қаржы, инновациялар мен айналмалы экономикаға басымдық бере отырып, Sustainable Business Network және Pacific Green Deal for Business бастамаларды қамтиды. Қазақстанның жаңартылатын энергия көздеріне көшу және көміртексіздендіруді қолдау бағытында жеткен жетістіктері атап өтіліп, «Экспорттық акселерация – 2025» бағдарламасына қатысушыларды жасыл сауда және тұрақты қаржыландыру жобаларына тарту мүмкіндіктері қарастырылды.
ЭСКАТО-ның инвестициялар мен ШОБ жөніндегі бағдарламалар үйлестірушісімен өткен кездесуде БҰҰ тетіктері арқылы қазақстандық компанияларды ілгерілету мүмкіндіктері талқыланды. «Экспорттық акселерация – 2025» бағдарламасына қатысушыларды үш айлық ESCAP акселерация бағдарламасына жолдау жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл бағдарлама оқытуды, бизнес-матчмейкингті және инвестиция тартуға қолдау көрсетуді қамтиды, соның нәтижесінде қазақстандық компаниялардың халықаралық интеграциясы үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Сайд-ивент барысында «QazTrade» АҚ басқарушы директоры Айнұр Амирбекова Қазақстанның RDTII индексін пилоттық ел ретінде енгізу тәжірибесімен бөлісіп, негізгі нәтижелер мен ұлттық цифрлық сауда жоспарын таныстырды. Панельдік сессия Грузия, Әзербайжан, Моңғолия, Камбоджа және Таиланд елдері өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудырды.
Қазақстан делегациясының қатысуы елдің цифрлық сауданы дамытудағы жүйелі көзқарасын және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы интеграциялық процестерді тереңдетуге дайындығын айқын көрсетті. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі ESCAP, ERIA және мүше елдермен ынтымақтастықты жалғастырып, сауданың цифрлық трансформациясы тәжірибелерін кеңейтуді көздеп отыр.