2024 жылы Қарағанды облысында тұтынушылар құқығының бұзылуына байланысты 2,3 мыңнан астам азамат Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Нәтижесінде 88 миллион теңгеден астам сома тұтынушыларға қайтарылды. Бұл туралы департамент басшысы Жанат Асантаев брифингте мәлімдеді.
Жанат Асантаевтың айтуынша, өтініштер санының артуы – азаматтардың құқықтық сауаттылығының өсуін және өз мүдделерін қорғауға деген дайындықты көрсетеді. Ең көп шағымдар электрондық сауда саласына қатысты – 744 өтініш. Азаматтар тауар сипаттамасының шындыққа сай келмеуіне, сатушы туралы ақпараттың болмауына және ақшаны қайтарудағы қиындықтарға шағымданған.
Шағымнан – нақты әрекетке
Екінші орында – бөлшек сауда саласы (683 жағдай), мұнда тұтынушылар негізінен тауарды қайтарудан немесе ауыстырудан бас тарту мәселесімен бетпе-бет келген. Үшінші орында – тұрмыстық қызмет көрсету саласы (583 шағым), әсіресе жиһаз жинау және жөндеу жұмыстарына қатысты. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және қаржылық қызмет көрсету салаларынан да шағымдар түскен.
Түскен өтініштерді қарау нәтижесінде департамент 15 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның 12-сінде заң бұзушылықтар анықталған. Кәсіпкерлердің бір бөлігіне айыппұл салынып, бір бөлігі ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Сапалы өнім»: қоғамдық бақылау іс жүзінде
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тиімді бастамалардың бірі – «Сапалы өнім» жобасы болды. Бұл жобаны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі іске қосқан. Оның мақсаты – сапасыз және қауіпті тауарларды нарықтан шығару, отандық өндірушілерді қолдау және адал бәсекелестікті дамыту.
Аталған жоба аясында Қарағанды облысында 46 түрлі азық-түлік өнімі зертханалық сынақтан өткізілді. Талдау нәтижесінде 22 жағдайда сәйкессіздік анықталды, оның ішінде таңбалау мен өнім құрамына қатысты бұзушылықтар бар. Анықталған фактілер бойынша материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданды.
Жанат Асантаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс жалғаса беретінін атап өтті. Алдағы жоспарлар қатарында – халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, «Сапалы өнім» жобасын әрі қарай дамыту және қоғамдық бақылау тетіктерін кеңейту бар.
«Біздің мақсат – өңірде әр тұтынушының құқығы қорғалатын қауіпсіз әрі әділ сауда кеңістігін қалыптастыру», – деді департамент басшысы.