2026 жылғы 28 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығында XIV Халықаралық «Антиконтрафакт-2026» форумы аясында «Жалған өнімсіз ЕАЭО: интернет-саудадағы тұтынушыларды қорғау технологиялары» тақырыбында пікірталас сессиясы өтті.
Іс-шараны Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп ұйымдастырды.
Сессия барысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Танабергенов Булат Амангелдіұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде Қазақстанда электрондық сауданың қарқынды дамып келе жатқанын және осыған байланысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жаңа сын-қатерлер туындап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар онлайн-сауданың белсенді өсуі жағдайында тұтынушылардың контрафактілік өнімдер мен адал емес сатушылар алдында осал болып отырғаны айтылды.
Сондай-ақ маркетплейстерге қойылатын талаптарды күшейтуге, шағымдарды қабылдау және қарау қызметтерін дамытуға, электрондық сауданың ашықтығын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заманауи цифрлық құралдарын енгізуге бағытталған тәсілдер таныстырылды.
Сессияға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының, бизнес өкілдерінің және ірі маркетплейстердің өкілдері қатысты. Қатысушылар контрафактілік өнімдердің таралуына байланысты электрондық сауда саласындағы заманауи сын-қатерлерді, сондай-ақ цифрлық ортада тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін талқылады.
Іс-шара барысында интернет-сауданы реттеуді жетілдіру, тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесін дамыту, құқық бұзушылықтарды анықтауда жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын қолдану, сондай-ақ заңсыз өнімдерді өткізгені үшін онлайн-платформалардың жауапкершілігі мәселелері қарастырылды.
Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу және электрондық сауда саласында тұтынушылардың қауіпсіздігі мен сенімін арттыруға бағытталған цифрлық құралдарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.