2024 жылдың мамыр айынан бастап қазақстандық кәсіпорындарға технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарының бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігі бар. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары осы бағытта жұмсалған шығындарының 40 %-на дейін өтемақы ала алады. Бұл қадам кәсіпорындардың өндірістік үдерістерін жетілдіруге, еңбек өнімділігін арттыруға және олардың өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Елордалық ANNC Construction компаниясының құрылыс материалдарын өндіретін зауыты «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұсынатын мемлекеттік ынталандыру шараларының арқасында фиброцементті қасбеттік тақталарды бояуға арналған технологиялық желіні сатып алу шығындарының 40%-ын қайтарып алды. Өтелген қаражат сомасы 44 миллион теңгені құрады. Қытайлық жабдықтың іске қосылуы кәсіпорынға қосымша 25 жұмыс орнын ашуға және кәсіпорын табысын 15%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Фиброцементті қасбеттік тақталар шығаратын зауыт өткен жылы іске қосылған. Зауыт басшылығы бірден мемлекеттік ынталандыру шарасына өтінім беру туралы шешім қабылдады. Жабдықтың өзі 2023 жылы сатып алынғандықтан, кәсіпорын QazIndustry ұсынатын өтемақы алу мерзіміне сәйкес келді, өйткені бұл қызмет екі жылдық кезеңді қамтиды.
Жабдық құнының жартысына жуығын өтеу кәсіпорындарға, әсіресе жаңадан ашылған өндірістерге, айтарлықтай қолдау болып табылады. Бұл оларға технологиялық үдерістерді жылдам жолға қоюға, әрі қарай жаңғырту жұмыстарын жоспарлауға және өнімдерін сату нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай шара өндірістік шығындарды азайтуға әрі энергия тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Нәтижесінде, бұл тек кәсіпорындардың өздеріне ғана емес, жалпы ел экономикасына да пайда әкеледі, өйткені компаниялардың табысының өсуі салық түсімдерінің артуына әсер етеді.
«Жаңа заманауи жабдықтың іске қосылуының арқасында қосымша 25 жұмыс орны ашылды. Біздің өнімге сұраныс ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да арта бастады. Кәсіпорын табысының кемінде 15 пайызға өсуін күтіп отырмыз. Ең бастысы өндіріс көлемінің ұлғаюы импортқа тәуелділікті азайтуға көмектеседі», – дейді «ANNC Construction» ЖШС-нің бас есепшісі Махаббат Ашикбаева.
Зауыт фиброцементті қасбеттік тақталар өндіреді. Бұл материал ғимараттардың қасбетін қаптауда, ішкі бөлмеаралық қабырғалар мен шатыр жүйелерін жасауда қолданылады. Мұндай плиталар беріктігімен, ұзақ мерзімді қызмет етуімен және ылғал мен отқа төзімділігімен ерекшеленеді.
Фиброцементті тақталар цемент, целлюлоза және минералды талшықтардан жасалады. Өндіріс процесінде өнімнің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін асбест қолданылмайды.
Кәсіпорын толық өндірістік циклді қамтамасыз ететін заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бұл фиброцементті қасбеттік тақталарды құрылыс нысандарына дайын күйінде шығаруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында плиталарды бояу үшін түссізденуге төзімді фторкөміртекті бояу қолданылады. Панельдердің түсі күн сәулесі мен қатал климаттық жағдайларға қарамастан 15 жылға дейін сақталады. Кәсіпорын Қазақстандағы роликті әдісті қолданатын жалғыз зауыт. Мұнда панельдер төрт деңгейлі грунтовкалаудан өтіп, төрт қабат бояумен жабылады, бұл олардың беріктігі мен түсінің сақталуына кепілдік береді.
Қазіргі уақытта зауытта 49 адам жұмыс істейді. Сатып алынған фиброцементті панельдерді бояуға арналған технологиялық желінің өндірістік қуаты - 300 мың шаршы метр дайын өнімді құрайды. Кәсіпорынның даму әлеуеті жоғары, ал мемлекеттік қолдау шаралары оның нарықтағы орнын нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы QazIndustry кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарын өтеу бойынша 1,2 млрд теңге сомасына өтінімдерді мақұлдады. Орталық кәсіпорындардың технологиялық процестерді жетілдіру, өндірісті жаңғырту және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге қатысты шығындарының 40%-ына дейін өтейді.
Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпаратты https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support сілтемесі арқылы немесе әр сейсенбі және бейсенбі күндері «QazIndustry» ғимаратында (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өтетін Ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.
Анықтама телефоны: +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444).