Қазақстан отандық өндірушілерді қолдаудың арқасында импортқа тәуелділікті азайтып келеді

Қазақстан отандық өндірушілерді қолдаудың арқасында импортқа тәуелділікті азайтып келеді

Қазақстанда елішілік құндылық үлесін арттыру және өнеркәсіпті дамыту бағытындағы жұмыстаржүйелі түрде жалғасып жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде депутат Бауыржан Смағұловтың төрағалығымен өткен тақырыптық отырыста мәлімдеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 32,7 трлн теңгені құрады. Соның ішінде елішілік құндылық үлесі 53,2%-ға жетті. Алдағы уақытта өсудің ең үлкен әлеуеті тауарлар сегментінде сақталады.

Мемлекеттік сатып алуларда отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында кейбір өнімдердіұлттық режимнен (шетелдік және жергілікті өнімдерге бірдей талап қою жүйесінен) алып тастау оң нәтиже берген. Ұлттық режимнен алып тастау тізіліміне 4,8 мыңнан астам тауар енгізілді. Соның арқасында қазақстандық өндірушілермен жасалған келісімшарттар көлемі 16%-ға артып, 456 млрд теңгеге жетті.

Бұл бағытта ұлттық компаниялардың да үлесі зор. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қоры импортты алмастыру жұмыстарын белсенді жүргізіп, импортталатын өнім түрлерін анықтап, офтейк-келісімшарттар жасасуда. 2025 жылы Қор сатып алуында елішілік құндылық үлесі 63,6%-ды құрады.

Жер қойнауын пайдалану саласында да отандық кәсіпорындармен байланыс нығайып келеді. 2025 жылы 1200-ден астам ұзақ мерзімді келісімдер және офтейк-келісімшарттар жасалды.

Сонымен қатар Қазақстандық тауар өндірушілердің (ҚТӨ) тізілімі құрылды. 2026 жылдан бастап ол СТ-КZ және индустриалдық сертификаттардың орнын басты. Аталған тізілімге 6 мыңнан астам компания енген.

Жалпы, қолға алынған шаралар өндірісті тұрақты дамытуға, кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтуға және ұлттық экономиканы күшейтуге бағытталған.