Ірі өнеркәсіп нысандары салынады: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі KGIR 2025 аясында жаңа инвестициялық келісімдерге қол қойды

Ірі өнеркәсіп нысандары салынады: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі KGIR 2025 аясында жаңа инвестициялық келісімдерге қол қойды

31 қазан, 2025 жыл, Астана. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев KGIR-2025 жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел аясында өткен панельдік сессияға қатысып, сөз сөйледі. Айта өту керек, бұл шара (Kazakhstan Global Investment Roundtable, KGIR) - 2017 жылдан бері Премьер-Министрдің басшылығымен өткізіліп келе жатқан елдегі ең басты инвестициялық іс-шара.

«Сыни минералдар және энергия өткелі: Қазақстанның тұрақты ресурстық бағытын қалыптастыру» атты сессия барысында министр сыни минералдар секторын дамытудың стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Ол Қазақстанның айтарлықтай табиғи-ресурстық әлеуеті бар екенін, бұл әлеует елдің тұрақты экономикалық өсуі мен тау-кен металлургия саласына халықаралық инвестициялар тартуға негіз болатынын жеткізді.

KGIR 2025 аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Kazakhstan Lihua» ЖШС-мен инвестициялық келісімге қол қойды – компания Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін салады. Сондай-ақ, «QazCement Industries» компаниясымен Ақтөбе облысында цемент зауытын салу жөнінде келісім жасалды.

Сонымен қатар, шара барысында Ерсайын Нағаспаев шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, «FakoorSanat Tehran Engineering Co.» компаниясының бас директоры Мохаммад Вахид Шейхзаде Наджармен кездесуде тараптар тау-кен металлургия өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін, оның ішінде минералдық шикізатты өңдеудің жаңа технологияларын енгізу мен өндірістік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, министр санитарлық-техникалық өнім өндірудегі әлемдік көшбасшылардың бірі «RocaGroup» компаниясының ТМД бойынша президенті Даниэль Эрнандеспен кездесті. Тараптар компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейту, жергілікті өндірісті дамыту және озық технология мен сапа стандарттарын енгізу мәселелері туралы пікір алмасты.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, инвестициялар тартуға және озық технологиялармен алмасуға бағытталған өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.