
ТМД-ға мүше мемлекеттердің Қарулы күштері штаб бастықтары комитетінің Астанада өткен отырысы аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров пен Беларусь Республикасының Қарулы Күштері Бас штабының бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-майор Павел Муравейконың кездесуі өтті.
Тараптар екіжақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Әскери білім беру, кадрлар даярлау, екіжақты және көпжақты оқу-жаттығулар өткізу, сондай-ақ әскери-патриоттық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар 21–27 маусым аралығында Қазақстанда өтетін «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына Беларусь Республикасы командасының қатысу мәселесі қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің қарулы күштері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және серіктестік қатынастарды нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.