Келісімшарт бойынша әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, кәсіби өсу перспективасын беретін, әскери қызметшінің өзінің, оның отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін абыройлы жұмыс. Біздің мақаламыз Қарулы Күштердің қатарына түсуге ниет білдірген азаматтар үшін ғана емес, сонымен қатар келісімшарт бойынша әскери қызмет деген не және оның қандай мүмкіндіктері бар деген мәселе толғандыратындар үшін де пайдалы болады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет ерікті негізге негізделеді.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген адамдар міндетті түрде ҚР азаматы болуға және мынадай талаптарға жауап беруге тиіс:
келісімшарт бойынша әскери қызметке алғаш кіретіндер немесе сарбаздар (матростар) құрамының және кіші сержанттар құрамының лауазымдарына тағайындалу үшін – он бес жас;
кіші офицерлер және аға сержанттар құрамдарының лауазымдарына тағайындалу үшін – он жас;
аға офицерлер немесе жоғары сержанттар құрамдарының лауазымдарына – бес жас қалғанға дейін;
Мерзімді әскери қызметті өткерген және орта кәсіби білімі бар азаматтар сержанттар (старшиналар), сарбаздар (матростар) құрамдарының лауазымдарына келісімшарт жасаса алады.
ҚР ҚК бойынша сержанттар (старшиналар) және сарбаздар (матростар) бос лауазымдары бойынша мәліметтер
Келісімшарт қызметіне қабылдау үшін сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша жергілікті әскери басқару органдарына (әскери комиссариаттарға) өтініш білдіру қажет.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау рәсімі мынадай кезеңдерден тұрады:
1. өтініште:
· тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, айы және жылы, тұрғылықты жері;
· азамат келісімшарт жасауға ниет білдірген уәкілетті органның, әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) атауы;
· келісімшарт жасасу көзделетін мерзім көрсетіледі;
2. сауалнама деректері;
3. өз қолымен жазылған өмірбаян;
4. жеке басын және азаматтығын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
5. білімі туралы құжаттардың көшірмелері (салыстыру үшін түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда нотариат куәландырған көшірмелер);
6. бар болған кезде еңбек кітапшасының көшірмесі;
7. сотталмағандығы туралы анықтама;
8. кірістері туралы декларацияны салық органының қабылдағаны туралы анықтама;
9. соңғы қызмет (жұмыс немесе оқу) орнынан мінездеме.
Кандидатты медициналық куәландырудан облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органының тұрақты жұмыс істейтін медициналық комиссиясы өткізеді.
Іріктеу комиссиясы кандидат білімінің ол қаралып отырған әскери лауазымның әскери-есептік мамандығына және оның дене шынықтыру дайындығының сәйкес келуін тексереді.
Кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды тиісті мамандар жүргізеді. Бұл ретте тексерілетін кандидаттардың зияткерлік даму деңгейі, әскери қызмет өткеруге психологиялық тұрғыдан жарамдылығы, әскери қызмет үшін қажетті кәсіби және жеке басының қасиеттері бағаланады.
Психологиялық іріктеу нәтижелері бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметке кандидаттың жарамдылығы туралы мынадай қорытындылардың бірі шығарылады:
Егер сіз қазіргі кезде әскерге шақыру бойынша қызмет өткеріп жүрсеңіз және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруді қаласаңыз әскери бөлімнің командиріне баянат беруіңіз қажет.
Әскери бөлімнің командирі баянатты қарайды және 10 жұмыс күні ішінде ол бойынша шешім қабылдайды.
Талаптарға сәйкес келуі туралы шешімді әскери бөлімнің командирі қабылдайды және оның тікелей бастығы бекітеді.
Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке:
Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамға қатысты арнайы тексеру жүргізiледi.
Сондай-ақ:
Сізді келісімшарт қызметіне қабылдады ма – келісімшарт жасаңыз!
Әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт – уəкілетті орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы азаматтың əскери қызметті өткеру кезеңіне тараптардың құқықтарын, міндеттерін жəне жауапкершілігін белгілейтін ерікті түрде əскери қызмет өткеру туралы шарт.
Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тарап арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
1) мерзiмнің өтуi бойынша;
2) әскери қызметшiнiң мерзiмiнен бұрын босатылуына байланысты;
3) әскери қызметшiнiң әскери қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшарт жасасқан күнінен бастап;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың әскери қызметке кiруiнiң ерiктілiгi, азаматтың әскери қызметті өткеруге мiндеттенген мерзiмi және келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
Әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде Қарулы Күштерде, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарда әскери қызмет өткеру мiндеттiлiгiн қамтиды. Келiсiмшарт талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың өз құқықтары мен өзiнің отбасы мүшелерi құқықтарының сақталу құқығы көзделеді.
Мемлекеттің келісімшарт бойынша әскери қызметшілер алдындағы міндеттемелері
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер мемлекеттің қорғауында болады және оның өзіне және өз отбасы мүшелеріне деген қамқорлығын сезінеді. Әскери қызметшілер ақшалай ризықпен, заттай және басқа да мүлік түрлерімен қамтамасыз етіледі. Тұрғын үйге мұқтаждар әскери қызмет өткеру кезеңінде мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды төлеу көзделген.
Әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Егер мұндай ұйымдар орнында болмаса, онда медициналық көмек ведомстволық тиістілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде көрсетіледі. Жеке ұйымдарда және дәрігерлік практикамен айналысатын жеке тұлғаларда емделу әскери қызметшілерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде өтеледі.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде мүгедектікке әкеп соқтырмаған ауыр мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) жағдайында оларға бір жарым айлық ақшалай қаражат; жеңіл мертіккенде – жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
Әскери қызметшілерді науқастанғаннан кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке қайта қабылдау медициналық куәландырудан қайта өту негізінде өтеді. Бұл жағдайда әскери қызметшіге қайтадан медициналық тексеруден өтуге тура келеді, одан кейін әскерге шақыру комиссиясы әскери қызметшінің келісімшарт бойынша қызметке жарамдылығы/жарамсыздығы туралы шешім шығарады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге сауықтыру үшін 2 лауазымдық айлықақы мөлшерінде жәрдемақы төлене отырып, жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі, оның ұзақтығы еңбек сіңірген жылдарына байланысты белгіленеді:
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қызметі бойынша орын ауыстырған, әскери қызметтен шығарылған кезде, стационарлық емдеу орнына барған және кері қайтқан кезде теміржол, су және автомобиль көлігімен мемлекет есебінен жол жүруге құқығы бар.
Сыбайлас жемқорлық – демократиялық бастауларға негізделген мемлекеттің заманға сай даму жолындағы басты кедергілердің бірі. Армиядағы сыбайлас жемқорлық көріністерін қоғам ауыр қабылдайды. Себебі әскер бүкіл ел мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қорғаны. Қазақстанның Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою масқатында қабылданған шаралар жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Тимур ДӘНДІБАЕВПЕН әңгіме өрбітіп едік.
– Тимур Тұрарұлы, сыбайлас жемқорлықты «әлеуметтік кесел» атағаны кездейсоқтық емес. Қорғаныс министрлігінде осыған байланысты қандай әдістер қолданылып жатыр? Олар қаншалықты тиімді?
– Осы әлеуметтік кеселді жоюдың негізгі аспектісі және ең тиімді әдісі – алдын-алу. Армиядағы сыбайлас жемқорлықты жою үшін біз бірқатар іс-шаралар кешенін әзірледік. Біздегі құралдарды талдап, бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын белгіледік. Осы мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, ақпарат алмасуға және әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Әскери полиция бас басқармасының құрылымында ішкі қауіпсіздік қызметіне берілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы қалпына келтірілді. Бұл күнделікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы «диагностикалау» бөлімшесі, өзіндік «комплаенс». Оның міндеттері –әскери қызметшілердің заңнама талаптарын сақтауы, талдау жұмысы, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен факторларын зерделеу, оларды жою бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Объективті қарау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды қоғамда болдырмау үшін барлық гарнизондарда олардың бастықтары басқарумен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялар құрылды. Олардың құрамына гарнизон әскери бөлімдерінің барлық командирлері кірді. Комиссия – өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты дұрыс ұйымдастыруда барлық дәрежедегі командирлерге көмек көрсетуде кеңес беруші орган.
Өткен жылы министр өз бұйрығымен зерттеуге міндетті болып саналатын басшылар мен мамандардың тізімін кеңейтті. 2020 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасау, қатысы болу және жасыру анықталуына байланысты зерттеліп отырған 331 кандидаттың 124-і (38 пайызы) қаралатын лауазымдарға тағайындалмады.
– Сіздер сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар санының динамикасын қадағалайсыз ба?
– Біз тек динамиканы ғана емес, сондай-ақ әрбір осындай жағдайды егжей-тегжейлі қарастырамыз. Сандардың азаюы ешқашан бізге алаңдамай, қол қусыруға себеп бола алмайды. Мәселен, өткен жылы Қазақстан армиясында анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 30 фактісінің үштен бір бөлігін әскери қызметшілердің өздері мәлімдеген немесе оларды Қорғаныс министрлігінің Ішкі аудит қызметі мен әскери полиция анықтаған. Бұл сондай-ақ Қарулы Күштерде жемқорлыққа мүлде жол бермеу атмосферасын қалыптастыруды меңзейді.
Анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жартысына жуығы өткен кезеңдерде (2013 жылдан 2019 жылға дейін) жасалған. Әскери қызметшілердің кінәсі 21 дерек бойынша дәлелденді, екі қылмыстық іс ағымдағы жылдың өзінде ақтайтын негіздер болғандықтан тоқтатылды. Бірақ жылдың аяқталуына байланысты өткен жылғы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының статистикасын өзгерту мүмкін емес. Қалған жетеуі бойынша сотқа дейінгі тергеулер мен сот талқылаулары жүргізілуде.
Осылайша, кейде қосарланған есеп пайда болады: 2019 жылы жасалған әрекеттер 2020 жылы тергеледі, сот 2021 жылы үкім шығарады, ал сол қылмыс туралы есеп бірінші жартыжылдықтан қатарынан үш жылға созылады.
Мысалы, командир жазаны алып тастағаны немесе төлемегені үшін пара алды, содан кейін әскери қызметшіні басқа лауазымға тағайындады. Кейде бұл екі немесе тіпті үш қылмыс деп саналады. Немесе пара туралы іс алаяқтыққа қайта сараланады, нәтижесінде бір жылы ол парақорлық, екінші жылы – алаяқтық ретінде ескеріледі. Нәтижесінде бір фактіні екі рет есепке алады.
Айта кету керек, тек күшіне енген сот үкімі кез-келген істі тоқтатады. Бұған дейін қорытынды жасау ертерек. Жоғарыда айтылғандай, сотталған әскери қызметшілер бойынша статистика 21 пайызға төмендеді. Бұл алдын-алу шараларының көрсеткіші, алдын-алуды өлшеу немесе қолмен ұстау мүмкін емес, біз қанша адам өзінің жаман ниетінен бас тартқанын білмейміз, бірақ статистикалық мәліметтер бойынша біз қабылдаған шаралардың қаншалықты тиімді екенін анықтай аламыз. Бюджет қаражатын жымқыру аясында қылмыс жасалмаған.
Егер 2020 жылы сыбайлас жемқорлықпен сотталған 26 әскери қызметші туралы айтатын болсақ – әңгіме ең алдымен тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көрінісі туралы болып отыр. Әрине, бұл өзінің әскери міндетін лайықты және адал атқарып жүрген барлық Қарулы Күштерге, бүкіл жеке құрамға көлеңке түсіреді. Оларды соттау нәтижесінде бейбіт уақытта біз 26 әскери қызметшіні жоғалттық десек болады, себебі оларды қамсыздандыруға, оқытуға және даярлауға мемлекет қаражат салды.
– Бұл мәліметтер қандай деректерге негізделген? Осы тұрғыда басқа мемлекеттік органдармен Қорғаныс министрлігін салыстырсақ?
– Бұл сандар құқықтық статистика органдарымен салыстыру нәтижесінде алынды. Бірқатар мемлекеттік органдарды, әкімдіктер мен соттарды есептемегенде, 17 министрліктің ішінде сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша қорғаныс ведомствосы 13-ші орында. Осыған орай, Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің үлесі 0,03%-ды құрайды. Бұл ретте мемлекеттік органдардың штаттық санын ескеру қажет. Тұтастай алғанда, оның ішінде іске асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар нәтижесінде 2020 жылы сотталған әскери қызметшілердің саны бір жарым есеге азайды.
Сұхбат zakon.kz сайтынан аударылып алынған
qazaquni.kz
Жаһан жұртын әбігерге салған коронавирус пандемиясы қорғаныс саласының да қызметіне өзгеріс енгізді. Оның үстіне 2020 жылы әлемнің түрлі аймақтарында болған қарулы қақтығыстар армияның жалпы даярлығы мен жабдықталуына қатысты да бұрыннан қалыптасқан көзқарастарды өзгерткенін байқадық. Мұндай жағдайда Қазақстан Қарулы күштері қалай әрекет етті, елдің қорғаныс қабілетін арттыру бағытында не істелді, аяқталып келе жатқан жыл әскеріміз үшін несімен ерекшеленді дегенге саятын бірқатар сауалдар көкейге орала береді. Біз осы сұрақтарды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектановқа қойып, сұхбаттастық.
– Мұрат Кәрібайұлы, аяқталып келе жатқан жыл әскерімізге де сынақ болды. Көктемде елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде және одан кейінгі шектеу шаралары енгізілген сәттерде сарбаздарымызды жаңа қырынан таныдық. Әскери қызметшілер пандемияға қарсы күрес іс-шараларына тартылды. Біздің әскеріміз осы әлемдік індетке қарсы қалай әрекет етті?
– Рас, көктемде елімізде коронавирус індеті тарай бастаған сәтте Қарулы күштердің де пандемияның таралуына тосқауыл қою ісіне тартылған болатын. Қалыптасқан жағдайға байланысты қорғаныс ведомствосы басқа әлеуетті құрылымдармен бірлесіп, пандемияға қарсы күрес іс-шараларына қатысты. Қай кезде де ел басына күн туған жағдайда Отанына, өз антына адал берілген әскери қызметшілер әрқашан халықпен бірге болары сөзсіз. Осы жолы да әскерилеріміз Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарды деген ойдамын. Біз армияның елді тек ұрыс жағдайында ғана емес, бейбіт күндегі төтенше жағдайлаар кезінде де қорғайтынын көрсеттік. Өздеріңіз білесіздер төтенше жағдай кезінде сарбаздарымыз бен офицерлеріміз блок-бекеттерде құқық тәртібін, дезинфекциялау жұмысын жүргізуді, патрульдеуді қамтамасыз ету міндеттерін орындады.
– Ал пандемия әскери даярлыққа қалай әсер етті? Әдетте жиі ұйымдастырылатын оқу-жаттығулар азайып, сарбазардың жауынгерлік даярлығы кеміп кеткен жоқ па?
– Жоқ. Дегенмен пандемияның жауынгерлік даярлық процесіне ықпал етпеуі мүмкін емес еді. Атап айтқанда биыл біз жоспарланған бірқатар іс-шараларды азайттық. Жоспардағы іс-шаралар шамамен 18%-ке, қысқартылып, оларды өткізу мерзімі ауыстырылды. Бірақ оларды өткізу форматы өзгертілгенімен біз жауынгерлік даярлық процесінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Айталық, пандемия өршіген уақытта мамандық бойынша дербес даярлық мерзімдерін ұзарттық, бұл әскери қызметшілердің жауынгерлік дағдыларына оң ықпал етті. Кейіннен, карантиндік шектеу бәсеңдетілген кезде практикалық сабақтардың және бөлімшелерді шоғырландырудың осы қарқыны бірқатар әрүрлі оқу-жаттығуға толыққанды дайындалып, оны өткізуге мүмкіндік берді.
Егер жеке-жеке тоқталар болсақ, пандемия кезінде ұшқыштардың міндеттерді орындауға даярлық деңгейі біршама артты. Ұшқыштарымыз өзінің әскери борышын орындай отырып, күшейтілген режимде қызмет атқарды. Әскери-көлік ұшақтары еліміздің барлық өңірлерінен жеке құрамды, жүкті тасымалдап, азаматтарымызды шетелден эвакуациялады. Ал әскери дәрігерлер мен мейіргерлер тұрғындарға көмек көрсету кезінде жоғары кәсіби шеберлік танытып, алдыңғы шепте тұрды. Бұл өз кезегінде әскери қызметшілердің түрлі жағдайда қызмет ету машығын арттырып, үлкен тәжірибе мектебі болғанын атап өту керек.
Бір сөзбен айтқанда пандемияға қарсы күрес тәжірибесі армияның кез келген уақытта адам өмірі мен денсаулығын қорғауға дайын екенін іс жүзінде дәлелдеп, оны тағы бір қырынан көрсетті.
Одан бөлек әскери қызметшілер Арыста болған төтенше жағдай салдарын жою іс-шараларын да тоқтатқан жоқ.
Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осы атқарылған жұмыстарды жоғары бағалай отырып, бұл жағдайды нағыз патриотизм көрінісі деп атап өткен еді.
Әскери қызметшілердің бір бөлігі осы іс-шараларға тартылған уақытта Қарулы Күштердің негізгі бөлігі жауынгерлік даярлықты штаттық режимде жалғастырды. Бұл ретте санитариялық талаптар күшейтіліп, жауынгерлік даярлық қарқыны бұрынғы қалпында ұсталды. Осы іс-шаралардың барлығы әскерлердің жауынгерлік қабілетін төмендетпей, жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
– Әдетте армияның жауынгерлік даярлығын пысықтау үшін кенеттен тексеру өткізу, бөлімдерге алдын ала хабар берілместен жаттығуға шығу бұйрығы берілетіні бар. Сондай тексерулер біздің Қарулы күштерді бола ма?
– Міндетті түрде. Басқару органдарының, құрамалар мен әскери бөлімдердің мақсаты бойынша міндеттерді орындауға нақты әзірлігін бағалау үшін ұдайы негізде Қорғаныс министрінің және менің басшылығыммен кенеттен тексерулер болып тұрады.
Сонымен қатар, осындай тексерулерді Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар әскерлері қолбасшыларының жетекшілік етуімен комиссиялар да жүргізеді.
Әскер үшін әрбір тексеру іс жүзінде оқу-жаттығу деген сөз. Оның барысында тексерілетін басқару органы өздеріне бағынатын әскерлермен бірлесіп, әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру, көрсетілген полигонға шоғырлану мәселелерін пысықтайды. Командирлер шешім қабылдап, бөлімшелер оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайды.
Жоғары тұрған штабтың тексеруі командирге жеке құрамды жауынгерлік әзірлікте ұстаудың барлық қыр-сырын терең түсінуге және қол астындағылардың қойылған міндеттерді нақты да айқын орындауына қол жеткізуге түрткі болады. Кенеттен тексеру әскери басқару органдары мен күштердің іс жүзіндегі нақтыжай-күйін, олардың мақсаты бойынша міндеттерді орындауға әзірлігін объективті түрде бағалауға, сондай-ақ далалық, әуедегі және теңіздегі дағдыларды жетілдіруге ықпал етеді.
Қазіргі уақытта Қарулы Күштерді жоғары жауынгерлік әзірлікте ұстаудағы маңызды факторлардың бірі кез келген мамандық иесі, кәсіби білікті әскери қызметшінің даярлық деңгейі болып табылатынын атап өту қажет. Өз тағдырын армиямен байланыстырған Қазақстан офицері, яғни әрбір жауынгер өз міндетін жете білетінін және өзіне сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы білікті қолдана алатынын сеніммен айта аламын.
– Өзіңіз де білесіз, әскери техника мен технология да қарыштап дамып жатыр. Біздің пайымдауымызша бұл өз кезегінде соғыс жүргізу тактикасы мен ұрыс тұжырымдамасын өзгертеді. Әскерлерімізді даярлауда осы жағдай ескеріле ме? Заманауи ұрыс әдістерін қолданасыздар ма?
– Әрине. Біз қазіргі заманғы қарулы жанжалдар барысында қолданылатын жаңа тәсілдер мен әдістерді әрдайым жинақтап, талдап отырамыз. Кейіннен оны саралап, анағұрлым қажетті компоненттерін Қарулы Күштер құрылымына, сондай-ақ жауынгерлік даярлыққа да енгізуге тырысамыз.
Қазіргі уақытта «жанаспай» қашықтан оқ атумен зақымдау тәсілі, дәлдігі жоғары қару, радиоэлектрондық күрес құралдары кеңінен қолданылуда. Арнайы операция күштерінің де рөлі артып, олар жан-жақты күшейтіліп жатыр.
Дәлдігі жоғары, соңғы үлгідегі технологиялық қару түрлерін белсенді қолдану мен уақыт факторын ескере отырып, қазіргі таңда армияны автоматтандыру мен цифрландыру мәселесі өзекті болып отыр. Мұны Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мырза да ұдайы назарда ұстап отыр. Сондықтан армияның цифрландыру ісі елімізде қарқынды жүріп жатыр. Біз Әуе қорғанысы күштерін, оның ішінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жүйесін автоматтандыруды аяқтадық. Әскерлер мен ресурсты автоматтандырылған басқару жүйесін енгізуді жүргізіп жатырмыз. Ол басқару жеделдігімен қатар материалдық құралдар мен қаржыны есепке алуды жүйелендіруді арттыра түсуде.
Біздің қызметіміздегі басым бағыттардың бірі – анағұрлым маңызды міндеттерді бірінші кезекте шешуге қабілетті Арнайы мақсаттағы күштер (АрнМК) компоненттерін кезең-кезеңімен және жоспарлы дамыту.
«Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің компонентін жыл сайын кешенді тексеру дәстүрге айналып отыр. Сол тексеру барысында артиллериядан оқ атуды түзетуге және авиацияның соққы беруін бағдарлауға, қарсыластың диверсиялық-барлау тобына қарсы күресуге, оның ішінде жекпе-жек күреске, армиялық тактикалық оқ ату жаттығуын орындауға, сондай-ақ барлаушылардың жару ісі, байланыс, әскери-медициналық даярлық, жергілікті жерде топографиялық бейімделу жөніндегі нормативтерді орындаудағы дағдыларын бағалауға ерекше назар аударылады.
– Биыл біз заманауи ұрыстарда қолдануға жарай қоймайды деп бағаланған қару түрлерінің әлі де өзекті екенін көрдік. Мысал ретінде артиллерияны алуға болады. Зымыран дәуірінде зеңбірек пен гаубицаның күні батты деп ойлағанбыз. Алайда олай емес екенін кейбір жанжалдар дәлелдеді. Бұл бағытта не істеп жатырсыздар?
– Жанжал кезінде артиллерияны қолданудың іс жүзінде сараланған тәжірибесі аталған қару түрінің әлі де өзекті екенін дәлелдеді. Сондықтан қозғалыстағы нысаналарды барлау және батареяға қарсы күреске арналған «Платформа» радиолокациялық станциясымен армиямызды қаруландырдық. Келесі жылы елімізде шығарылған артиллериядан оқ атуды автоматты басқару кешенін енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, алдымызда артиллериялық барлау және нысана көрсету құралдарын одан әрі жетілдіру жұмысы тұр.
– Ал әуе қорғанысы күштеріне қатысты көзқарас ше?
– Қарулы Күштердің басты міндеттерінің бірі – еліміздің әуе шабуылына қарсы қорғанысын қамтамасыз ету. Қосымша қабылданған С-300 зениттік зымыран кешені мен «НҰР» радиолокациялық станциясынан басқа, құрамалар мен бөлімдер жауынгерлік іс-қимыл жүргізу барысында оларды тікелей бүркемелейтін әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құралдарын жаңартуды бастадық. «Бук» мобильді зениттік-зымыран жүйесі дивизионы сатып алынды. «4++» буынындағы Су-30 СМ көп функционалды ұшағына біртіндеп көшуді жүзеге асырудамыз.
– Бірақ Сирия, Ливия және Таулы Қарабақтағы әскери операциялар кезінде біздің армия қаруланған кейбір кешендердің дәрменсіздік танытқанын көрдік. Оның себебі неде?
– Жалпы әуе шабуылынан қорғану жүйесі өте кешенді әрі түрлі факторларға тікелей байланысты болады. Онда зениттік пулеметтер мен зеңбіректер, зымыран кешендерінен бастап, ұшақтар, радиолокациялық стансалар, радиоэлектронды қорғаныс құралдарына дейінгі түрлі техниканы қамтитын жүйе жұмыс істеуі тиіс. Одан бөлек әскери қызметшілердің біліктілігі, әскери даярлығы, әскер түрлерінің өзара үйлесімді жұмысы тәрізді факторлар ескерілуі керек. Сондықтан біз қолданып жүрген әуе шабуылынан қорғау техникаларын іске алғысыз қылып тастауға болмайды. Бәріне кешенді түрде қараған дұрыс. Бәлкім сіз ұшқышсыз ұшатын қондырғылардың жетістіктері туралы айтып отырған боларсыз. Рас олар заманауи техникалар. Бірақ бүгінде оларға қарсы күрес тәсілдері де жетілдіріліп келеді. Демек Қарулы күштеріміздегі техникаларға бір жақты ғана баға беруге болмайды. Біздегі техникалар білікті мамандарымыздың арқасында өз қызметін мүлтіксіз атқарып тұр.
– Иә, мен дрондарды тұспалдаған едім. Ендеше әңгіме ауанын сол тақырыпқа қарай бұрайық. Қоғам Таулы Қарабақтағы соғыста дрондардың маңызды ұрыс техникасына айналғанын көрді. Ал Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қарулы күштерге пилотсыз ұшатын құралдарды алып жатқанымызды айтты. Жалпы біз мұндай құралдармен қарулануды биыл ғана бастадық па?
– Соңғы жылдары орын алған Таулы Қарабақтағы және басқа да қарулы жанжалдардағы жауынгерлік іс-қимылға талдау жасасаңыз, олардың ерекше тәсілді қолданумен жүргізілгенін көруге болады. Әсіресе ұшқышсыз ұшатын аппаратты, барлау-соққы беру және жойғыш «камикадзе дронын» кеңінен қолдану көзге түсті. Әрине, бұның барлығы біз үшін жаңалық емес.
Біз 2013 жылдан бастап заманауи ұшқышсыз ұшатын аппараттармен барлау бөлімдерімізді қаруландырдық. Олар әртүрлі оқу-жаттығулармен қатар пандемияға қарсы күрес кезіндегі іс-шараларда, Арыстағы төтенше жағдай салдарын жоюда және басқа да жағдайларда нәтижелі қолданылды. Әйтсе де, олардың саны әлі де жеткіліксіз. Бірақ біз әскерлерді заман талабына сай ұшқышсыз ұшатын аппараттармен жарақтандыру, олардың әрекет ету радиусын арттыру үшін спутниктерді қолдану бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Мамандарымыздың даярлығын да ұдайы пысықтап келеміз. Айталық халықаралық армия ойындары шеңберінде 2017 жылдан бастап Қорғаныс министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстан аумағында «Сұңқар аңшылығы» деп аталатын ұшқышсыз ұшатын аппарат есептобының конкурсы өткізіліп келеді. Бұл конкурста біздің әскери қызметшілеріміз жақсы нәтижеге қол жеткізіп, әрқашан жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Бұл өз кезегінде әскерилеріміздің дрондарды пайдалану машығын жетілдіріп, кәсібилігін арттыра түседі.
– Айтпақшы әлемдегі бірқатар елдердің армияларында роботтар да бар…
– Әлемде қарсыластың оқ ату құралының қуаты жететін аймақта жеке құрамның, яғни сарбаздардың болуына барынша жол бермеу үшін түрлі амалдар жасалып жатыр. Бір сөзбен айтқанда артиллерия мен танк снаряды жететін жерде сарбаз қалдырып, адам шығынына жол беруге болмайды. Сондықтан әскери техниканы роботтандыру мәселесі қаралуда.
2015 жылдан бастап Қарулы Күштерді жерүсті, теңіз және әуе мақсатындағы робот-техникалық құралдармен жарақтандырып жатырмыз. 2019 жылы Бас штабта робот-техникалық жүйелерді дамыту мен қолдану басқармасы құрылды. Оларға жұмыс барысында бөлімшелердің қызметін жоспарлау, жауынгерлік мақсатта қолдану жүктелген. Сонымен қатар жалпы қарулану ісіне мұқият назар аударамыз. Өйткені заманауи әскери жанжалдарда жойғыш қабілеті жоғары қару-жарақ үлгілері қолданылып жатыр. Ал Қазақстан Қарулы Күштер қолбасшылығы тек еліміздің қорғаныс қабілеті мүдделерін қорғау қағидасын ұстанады. Сондықтан шетелден тек Қазақстанда шығарылмайтын немесе елімізде жасалған өнімдерге қарағанда тактикалық-техникалық сипаты басым қарулар сатып аламыз.
– Енді тактикаға оралайық. Амал-айламыз өзгерді ме?
– Сөз басында айтқанымдай, армияның құрылымына және жауынгерлік даярлыққа анағұрлым қажетті, заман талабына сай қолданылатын компонеттерді енгізудеміз. Айталық басқару органдарын даярлау практикасына бірыңғай кешенді стратегиялық міндет форматындағы оқу-жаттығуларды енгіздік. Бұл әскерлерді әртүрлі төтенше жағдайда, сын-қатерлер туындаған кезеңде және күрделі жағдай тұрақты болған кезде әрекет етуге үйретуді көздейді.
Бұл тәсілдер Қарулы Күштерді жаңа деңгейде қолдануға, оларды қолданудың қазіргі заманғы әдістерін пысықтауға, қосымша бітімгершілік контингентін даярлауға, төтенше жағдайда әрекет етуге армияның әзірлігін арттыруға мүмкін береді. Яғни сарбаздар барлау-оқ ату және барлау-соққы беру тәсілдерін, қалалық жағдайлардағы жауынгерлік іс-қимылдар машықтарын терең меңгеріп, медициналық және инженерлік қамтамасыз ету ісін, инфекция тарағанда, су тасқыны және өрт тәрізді төтенше оқиғалар кезінде әрекет ету амалдарын үйренеді.
Мәселен, «Алдаспан–2020» жедел-тактикалық оқу-жаттығуында әскерлер «Танкіден кезекпен оқ ату», тактикалық әуе десантын қолданумен «Тікелей қоршап алу» тәсілдерін пысықтады. Ал Маңғыстау облысында ведомствоаралық күштер тобы құрамында дағдарыс жағдайларына ден қою бойынша өткен «Бекет–2020» бірлескен кешенді оқу-жаттығуында жергілікті атқарушы орган төтенше жағдай кезіндегі жұмысты ұйымдастыруда, соғыс жағдайы режимін сақтауда әскери басқару органдарымен тығыз өзара іс-қимылды үйлестіруді үйренді. Сонымен қатар қыркүйекте әскери-теңіз оқу-жаттығуы өткізілді. Онда Әскери-теңіз күштері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, күдік тудырған кемелерді толық қарап-тексеру, кепілге алынған адамдарды босату, апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсету іс-шаралары бойынша өзара іс-қимылды пысықтады.
Әскери-теңіз күштері бірнеше корабльдерінің Каспий теңізінің қазақстандық секторында сынақ ретіндегі тактикалық оқу-жаттығуын орындауға бағыталған жиындық жорығы алғаш рет өткізілді.
Әуе қорғанысы күштерінің «Ашық аспан – 2020» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуында әуе шабуылы құралдарының соққысына тойтарыс беру, жауынгерлік іс-қимылды жүргізуде авиация тобын және әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін қолдану жөніндегі міндеттер пысықталды. Қысқасы түрлі сипаттағы оқу-жаттығулар өткізіліп жатыр.
– Жеке құрамды және әскерлерді даярлау бағдарламасының ерекшелігі неде?
– Қарулы Күштерде оқу бағдарламасы қысқы және жазғы кезеңге арналып айқындалған. Оқу жылы желтоқсан айында басталады. Кез келген оқу бағдарламасы сияқты біздің оқу бағдарламамыз да өрістету қағидаты бойынша әзірленген. Оқу жылы әскери қызметшілерді дербес даярлаудан басталып, барлық әскер түрлері мен тектері тартылатын ірі ауқымды оқу-жаттығулармен аяқталады.
Жаңа оқу кезеңі басталар алдында өткен оқу кезеңін қорытындылау ұдайы негізде жүргізіледі.Осы талдау әскерлердің тіршілік әрекетінің барлық саласын қамти отырып, қандай бағытта жетістікке қол жеткізгенімізді, ал қай жерде жұмысты күшейту қажет екенін айқындауға мүмкіндік береді.Талдаудың негізгі мақсаты – өткен оқу кезеңін қорытындылай отырып, жаңа оқу кезеңіне міндеттерді айқындау.
Әскерлерді (күштерді) даярлауда озық әдістемелерді енгізу және қазіргі заманғы қарулы жанжалда оларды қолдану тәжірибесін, командирлердің жағдайды жылдам бағалау, оның өрбуін болжай білу, шұғыл шешімдер қабылдау және бастама таныту қабілетін, ал жеке құрамның штаттық қару-жарақты шебер қолдана білу дағдыларын, жоғары моральдық-жауынгерлік қасиеттерді іс жүзінде шыңдап дарытуға ерекше назар аударылады.
Әскери қызметшілердің жақын ұрысты жүргізу кезіндегі жеке дағдыларына қойылатын талаптардың артуына байланысты Қорғаныс министрінің нұқсауы бойынша әскерлерді даярлау бағдарламасына армиялық тактикалық оқ ату енгізіліп, жекпе-жек күрес бойынша сабақтар жандандырылуда.
Жауынгерлік даярлықтың негізгі қағидаты – сайыскерлік. Оның элементтері әскери қызметші, экипаж, есептоп арасындағы сайыстардан бастап бөлімшемен аяқталатын әскерлерді даярлаудың барлық кезеңдеріне енгізілген. Жыл бойы жалпыәскери бөлімшелер арасында «Мергендер батальоны» сайысын өткіземіз. Оқу кезеңінде жауынгерлік даярлық қорытындылары бойынша ерекше көзге түскен құрамалар мен әскери бөлімдер анықталып марапатталады.
Қорғаныс министрінің бастамасы бойынша 2019 жылдан бастап әскери қызметшілерді ынталандыруды арттыру үшін үздік әскери маманды айқындау мақсатында «Әскер тарланы» конкурсы өткізіледі. Жыл сайын үздік танкист, ұшқыш, байланысшы, артиллерист және басқа да әскери мамандар марапатталып, оларға құрмет көрсетіледі.
Бұл ретте қолданыстағы әскерлерді даярлау жүйесі жауынгерлік әзірлікті қолдау жөніндегі талаптарға толық сәйкес келеді деп санаймын.
– Қазақстан сарбаздарының халықаралық бітімгерлік миссиясына қатысатынын білеміз. Ол да жауынгерлік даярлықты арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бітімгерлеріміз қайда даярланады?
– Алматы облысының Тілендиев кентінде оқу-жаттығу орталығымыз бар. Айтпақшы, Бітімгерлік даярлық орталығы базасында алғаш рет өткізілген кешенді оқу-жаттығу бітімгерлік контингенттің туындайтын сын-қатерлерге жан-жақты дайын екенін іс жүзінде көрсетті.
Біздің бітімгерлік полкіміз жыл сайын «Дала бүркіті» және «Мызғымас бауырластық» халықаралық оқу-жаттығуларына қатысады. 2007 жылдан бастап Қазақстан әскери қызметшілері БҰҰ-ның Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы және Батыс Сахарадағы миссияларына қатысуда. 2018 жылғы қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ливандағы Үндістан батальоны құрамында бітімгерлік ротамыз қызмет етеді. Қазіргі уақытта төртінші ротамыз міндеттерді орындауда, өз кезегінде бесінші рота жасақталып жатыр.
– Қорғаныс мәселесін сөз еткенде елдің резерві де еске түседі. Қарулы Күштер қатарында жоқ, бірақ өзін Отан қорғаушымын деп санайтын адамдармен оқу-жаттығу өткізіле ме?
– Бұл бағыт әрдайым біздің ерекше назарымызда.Осыдан екі жыл бұрын елімізде аумақтық қорғаныс бригадалары құрылған болатын. Аумақтық қорғаныстың мақсаты жергілікті жерде тұрғындарды, күзетілетін маңызды объектiлер мен коммуникацияны қарсыластың әрекет етуінен, диверсиялық немесе террористік актiлерден қорғау, сондай-ақ төтенше және соғыс жағдайы режимін қолдау болып табылады. Қарулы Күштерді жұмылдыра даярлауды жетілдіру мақсатында резервте тұрған әскери бөлімдермен, оның ішінде аумақтық қорғаныс бригадаларымен 16 оқу-жаттығу өткізілді.
Биыл көктемде Мемлекет басшысының өкімі бойынша алғаш рет арнайы жиындарға запастан 172 офицер, 1 453 сержант пен сарбаз шақырылды. Олар жергілікті атқарушы органдарға пандемияға қарсы күресте көмек көрсетті. Оқу-жаттығу жиындары және республиканың жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларда іріктеу комиссияларының жұмысы ұйымдастырылды. Қазан айында әскери даярлық курсынан өткізілетін 6 900-ден астам студент қашықтан іріктеп алынды.
Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің филиалдарынан ақылы негізде алты лек бітіріп шықты, ал кейбір филиалдар жетінші лекті қабылдады. Әскери-техникалық мектепте оқу мерзімі – қырық күн. Оны аяқтағаннан кейін жастар атқыш, санитар, мерген, оқшашаршы, гранатаатқыш және басқа да әскери-есептік мамандық алып шығады. ӘТМ филиалдары алты лекте шамамен 3000 адамды даярлап шығарды.
– Армия десе, кез келген адамның ойына қатаң тәртіп келеді. Әскери қызметші құқық бұзушылық жасаса, ол туралы ақпарат ерекше көзге түсіп, айқын көрініп тұрады. Құқық бұзушылыққа жол бермеу бағытындағы жұмыста басты назар неге аударылады?
–Әскердегі тәртіп пен реттілікті нығайту міндеті қашанда кешенді болып келеді. Биыл біз осы бағыттағы жұмыста оң нәтижелерге қол жеткіздік деп айтуға болады. Қарулы Күштерде «Армияда қылмысқа орын жоқ» бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыру, әскери ұжымда моральдық-психологиялық ахуалды сақтау бойынша түсіндіру жұмысы үнемі жүргізіліп отырады.
Әскери тәртіп пен құқық тәртібінің жай-күйі мәселелері апта сайын аппараттық кеңесте қаралып, жүйелі түрде әскери алқа, кеңес отырысының күн тәртібіне шығарылып тұрады.
Әскер саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысы да жандандырылған. Әскери полиция бас басқармасының құрылымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімше қайта ашылып,оларға сыбайлас жемқорлық факторларын талдау және олардың алғышарттарын жою бойынша ұсыныстар дайындау функциясы жүктелген.
Бізде «Қарулы Күштер – адалдық алаңы» жобалық офисі құрылып, жұмыс істейді.Жалпы, республика бойынша 37 жобалық офис бар. Оған кез келген азамат қандай да мәселе бойынша консультация алу, лауазымды адамдардың заңсыз әрекетіне шағымдану үшін жүгіне алады.
Барлық әскери бөлімдерде сенім телефондары мен бейнебақылау жүйелері жұмыс істейді, осы бағытта профилактикалық акциялар өткізіліп тұрады. Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында #параберме хештегімен арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы айдар жұмыс істейді, call-орталығының телефоны – 1424. Өткен 10 ай ішінде келіп түскен 1170 сұрақ бойынша әртүрлі түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бүгінгі күні мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 93%-і электрондық форматқа ауыстырылып,ол жақсы нәтиже беруде.
Жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін зерделеу ерекше назарда ұсталады. Ол үшін барлық санаттағы әскери қызметшілерге социологиялық сауалнама жүргізу жүйесін құрдық. Бұл туындағанпроблеманы анықтап, оны шешу үшін шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Тәрбие жұмысының дәстүрлі әдістермен қатар жаңа форматы да енгізілуде. Біз әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігінің барлық аспектілерін қамтитын 50 оқу модулін, ахуалдық кейсті әзірлеп, іс жүзінде қолданудамыз. Олар әскери қызметшілердің интеллектуалдық деңгейін арттыруға, ой-өрісін кеңейтуге, сыни ойлау қабілетін дамытуға және патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған.
Ахуалдық кейстерде әскери қызметшілердің заңды, әдеп нормаларын бұзуына, жарғы талаптарын елемеуіне байланысты туындауы мүмкінжағымсыз ахуалдар креативті де қолжетімді нысанда көрсетілген. Нәтижесінде, осы ахуалды талдай отырып, мұндай жағдайлар профилактикасы және оларға жол бермеу бойынша нақты ұсынымдар беріледі.
Сонымен қатар, біз тәрбие құрылымдарының офицерлерін электоралдық кезеңде әрекет етуге үйрету үшін ақпараттық топиктер әзірледік. Оларда әскери ұжымдарда құрылымды бұзатын идеялардың таралуына қарсы іс-қимыл жасау жұмысының алгоритмі көрсетілген.
Қорғаныс министрлігі ақпараттық-түсіндіру тобының жергілікті жерлерге, яғни гарнизондарға сапармен баруы ұйымдастырылған. Үгіт-насихат жүргізушілер жеке құрамға мемлекеттің бағдарламалық құжаттарының мәнін түсіндіріп, тәрбие және әлеуметтік сипаттағы іс-шараларды өткізеді, командалық құрамды жаңа жұмыс істеу әдістеріне үйретеді.
Әскери басқару органдары қабылдайтын жүйелі шаралар кешені әскери ұжымдарда әскери тәртіпті нығайтуға, салауатты моральдық-психологиялық ахуалды сақтауға, қойылған міндеттерді табысты орындауға ықпал етеді.
– Әдетте армияның беделін арттыру үшін жасөспірімдердің қызықтыру тәсілі қолданылатыны бар. Министрліктің осы бағыттағы қызметі қалай ұйымдастырылған?
–Қарулы Күштерде әскерге шақыру кампаниясы кезеңінде жастарға арналған «Ел тірегі» әскери-патриоттық акциясын өткізу дәстүрге айналған. Әскери қызмет беделін арттыру мақсатында ардагерлермен, әскери қызметшілермен кездесулер, көрмелер, өнер көрсетулер ұйымдастырылып тұрады.
Оқу орындарымен жүйелі жұмыс жолға қойылған. Әскери бөлімдер жанында, сондай-ақ мектептерде әскери қызметшілер бағыт-бағдар беріп, жетекшілік ететін әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді.Оларға әскери қызметшілердің балаларымен қатарәскери адам болмысына қызығатын, армияда қызмет етуді, погон тағуды армандайтын басқа да оқушылар қатысады.
«Жас сарбаз» қозғалысының арқасында біздің елімізде алты мыңнан астам тәрбиеленуші қамтылған төрт жүзден астам «Smart Sarbaz» үйірмесі құрылған. Бұл жерде балалар инновациялық бағыттармен танысумен техникалық дағдыларын дамытып, шығармашылық идеяларын іске асыра алады.
Биыл алтыншы рет өткен «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына 585 адам қатысты, олар 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер еді. Дегенмен биыл пандемияға байланысты алғаш рет жиын онлайн режимінде өткізілді. Оған барлығы 39 команда тіркеліп, жеке тәртіппен бір жарым мыңнан астам бала өтінім берді. Осының барлығы жастардың әскери-патриоттық жобаларға қызығушылығының және армияға деген сенімінің артқаны туралы куәландырады.
– Әдетте жыл аяқталар тұста алдағы мақсаттар мен жоспарлар да пысықталады. Келер жылы армия қандай мақсаттарды көздейді?
– Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының ұдайы қолдауының, сондай-ақ генералдан бастап сарбазға дейін әрбір әскери қызметшінің қосқан үлесінің арқасында биыл біз әскердің жауынгерлік қабілеті мен жауынгерлік әзірлігін арттыруға, жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухын көтеруге, кез келген жағдайда және уақытта ерекше міндеттерді орындауға әзір жауынгерлік қабілетті ұжымды ұйымшылдықпен қалыптастыруға қол жеткіздік.
Қазіргі заманның қарулы жанжал тәжірибесін, оның ішінде Күнгей Кавказдағы соңғы оқиғаларды негізге ала отырып, бүгінгі күні әскерлердің ұтқырлығын арттыру, армияны қазіргі заманғы қару-жарақпен, әртүрлі ұшқышсыз ұшатын аппаратпен жарақтандыру, цифрлық технологияны енгізу, әуе шабуылына қарсы қорғанысты нығайту, радиоэлектрондық күрес элементтерін дамыту ұдайы біздің назарымызда. Осының барлығы Қарулы Күштерді кешенді жарақтандыруды ескере отырып жүргізіледі.
Соғыс сипатының және оған дайындалу мен жүргізу шарттарының өзгеруіне байланысты бұрын сараланып қалыптасқан стратегияның кейбір қағидаттары қолданыстан шықса, ал басқаларының мазмұны жаңарып отырады. Осыған байланысты, әскерлерді қолдану, жауынгерлік іс-қимылдар мен операцияларды жүргізу жөніндегі басшылық құжаттарымызды заман талабына сай бейімдеп отырамыз.
Жалпы, әскери құрылымның кейбір ерекшелігін әрдайым ескеру қажет.
Біріншіден, әскерде қолданылатын көптеген тәсіл, пікір, бағалау, жоспар жария талқыланбайды. Бұл әскер туралы толық хабары жоқ адамдардың теріс пікірін қалыптастыруға ықпал етеді.
Екіншіден, Армияны дамыту, әсіресе жарақтандыру мәселесі барабар қаржыландыруға тікелей байланысты, бұл өз кезегінде елдегі экономикалық жағдайына тікелей қатысты болады.
Үшіншіден, Армияны дамыту ауқымы Ұлттық қауіпсіздік стартегиясында, Әскери доктринада бектіліп айқындалған. Қатарында біліктілігі жоғары мамандар тұрған кәсіби армияны қалыптастыруға басты назар аударылады. 2030 жылға дейінгі Қарулы Күштерді дамыту тұжырымдамасындағы сабақтастықты сақтай отырып, бұл басымдықтар өзгермейді, тек уақыт болмысын ескере отырып түзетіледі.
Сұхбаттасқан,
Жалғас Сәдібекұлы
Толығырақ: liter.kz