Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспорттауға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Үш кезең бойынша іске асырылатын жобаның жалпы құны – 146,8 млрд теңге.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, 2024 жылы тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы 1,2 мың гектар жерге мақта егілген. Өнімділік гектарына 60 центнерді құрады.
Биыл 2-кезең аясында 32 мың гектарға мақта егу, 3 мақта өңдеу зауытының, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыттың және жылына 45 млн жүгірме метр көлемінде тоқыма емес материалдар өндіретін фабриканың құрылысын бастау жоспарланып отыр.
2026 жылы мақта егіс алқаптарын 50 мың гектарға дейін ұлғайту, сондай-ақ екі мақта өңдеу зауытының, тігін және бояу-тоқыма фабрикаларының құрылысын бастау көзделген.
Министр атап өткендей, мақта шаруашылығы – агроөнеркәсіптік кешеннің болашағы зор бағыттарының бірі. Бұл саланы дамыту үшін жүйелі тәсіл қажет: егіс алқаптарын ұлғайту, заманауи агротехнологияларды енгізу және шикізатты терең өңдейтін инфрақұрылымды дамыту.
«Биыл бұл бағытта аймақта елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. 2023 жылға дейін тамшылатып суару әдісімен бар болғаны 2 000 га жерге мақта егілсе, биыл бұл көрсеткіш 50 000 гектарға жетті. Саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Біз мақта шаруашылығына қатысты жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Айдарбек Сапаров. Ол жобаның барлық кезеңдерін жедел жүзеге асырып, өңдеу кәсіпорындарының уақытылы салынуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ министр «Gen Group Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешеніне барды. Онда 5 гектар аумақта банан өсіріледі. Өткен жылы 385 тонна өнім жиналса, биыл шамамен 1000 тонна алу жоспарланған.
Жылыжайда тамшылатып суару жүйесі қолданылады, барлық үдерістер автоматтандырылған. Сонымен қатар шаруашылықта лимон мен құрманы жергілікті климатқа бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.