ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің үздік қызметкерлері «Конституцияға 30 жыл» медалімен марапатталды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің үздік қызметкерлері «Конституцияға 30 жыл» медалімен марапатталды

Ауыл шаруашылығы министрлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты рәсім өтті. Министр Айдарбек Сапаров Конституцияның тек негізгі заң ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның берік құқықтық іргетасы – Тәуелсіздіктің, азаматтық келісімнің және ұлттық бірліктің нышанына айналғанын атап өтті.

«Онда заманауи мемлекеттің негізін қалаушы басты құндылықтар – еркіндік, теңдік, әділеттілік пен заң үстемдігі бекітілді. Дәл осы қағидаттар орнықты дамуға, саяси тұрақтылыққа және әлеуметтік прогреске жол ашты», – деді Айдарбек Сапаров.

Ведомство басшысы Конституцияның соңғы отыз жыл бойы қоғамдық және мемлекеттік өмірдің барлық саласы үшін сенімді бағдар болып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның негізінде елдің стратегиялық бағыты жүзеге асырылуда, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін, экспорттық әлеуетті және ауылдың орнықты дамуын қамтамасыз ететін экономиканың негізгі салаларының бірі – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бар.

«Бүгінде қазақстандық ауыл шаруашылығы – бұл заманауи технологиялар, бәсекеге қабілетті өнім және өз ісіне адал мыңдаған адам. Мұның бәрі – конституциялық тәртіп пен саланы институционалдық тұрғыда нығайтуға негізделген жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі», – деді министр, сондай-ақ министрлік қызметкерлері агроөнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосып отырғанын қосты.

Осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,7%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жетті. Өсім өсімдік шаруашылығында 5% (454,1 млрд теңге) және мал шаруашылығында 3,4% (1 955,9 млрд теңге) құраған. Тамақ өнімдері өндірісінің көлемі де 9,2%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгеге жетті.

Конституцияның 30 жылдығына орай Мемлекет басшысының Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған «Конституцияға 30 жыл» мерейтойлық медалі тағайындалды.

Салтанатты іс-шара барысында министр бұл медальді ҚР АШМ-нің алты қызметкеріне табыс етті. Тағы сегіз қызметкер «Құрмет» құрмет грамотасымен, ал тоғыз қызметкер алғыс хатпен марапатталды.

«Бұл – тек тиімді мемлекеттік саясаттың ғана емес, сонымен бірге министрлік жүйесі қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегінің нәтижесі. Бұл – сіздердің мемлекет пен қоғам алдындағы еңбектеріңізді мойындау», – деді министр рәсімді қорытындылай келе.