Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық диалог тереңдей түсуде

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық диалог тереңдей түсуде

Лондон, 2025 жылғы 11 ақпан – Қазақстан мен Ұлыбритания екіжақты стратегиялық диалог пен ынтымақтастықты дәйекті түрде кеңейтуді жалғастыруда. 19 қаңтарда дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуын атап өткен тараптар 11 ақпанда Ұлыбритания астанасында Қазақстан-Ұлыбритания Стратегиялық диалогының 8-ші отырысын өткізді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік министрі Стивен Даути төрағалық етті.

Диалог барысында делегациялар саясат, экономика, инвестициялар, энергетика, экология, мәдениет, білім және қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өткен жылдың сәуір айында қол қойылған Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау барысы қаралды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Р.Василенко екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог пен тиімді байланыстарды құптап, олардың көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті. Ол 2024 жылы өткізілген іс-шаралардың, соның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармермен Бакуде өткен COP29 климаттық конференциясы аясындағы кездесуінің екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға және нығайтуға деген өзара ұмтылысты көрсететінін айтты. Осыған байланысты Стратегиялық диалог аясында сауда-инвестициялық серіктестікті кеңейту, іскерлік байланыстарды нығайту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Отырыс барысында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбританияның GLAA агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Ұлыбританияда уақытша жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғау, сондай-ақ ақпарат, тәжірибе және еңбек құқықтарын қорғау саласындағы озық тәжірибелермен алмасу мақсатында екі елдің тиісті ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Лондонға сапары аясында Р.Василенко Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасы төрағасының бірінші орынбасары Нусрат Ганимен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық диалогты дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ ол Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты сияқты британдық сараптамалық қауымдастық өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.

Анықтама: Қазақстан-Ұлыбритания Стратегиялық диалогы – екіжақты ынтымақтастықтың институционалдық тетіктерінің бірі. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл кездесулер екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын қарастыру және өңірлік пен халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу үшін тиімді алаң қызметін атқарады.

Ұлыбритания – Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі, ел экономикасына салынған инвестиция көлемі 18 миллиард АҚШ долларынан асады. Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 550-ге жуық компания жұмыс істейді.