Ұлыбритания Парламентінде Қазақстанның Құрама Корольдіктің Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі ретіндегі рөлі туралы баяндама жарияланды

Ұлыбритания Парламентінде Қазақстанның Құрама Корольдіктің Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі ретіндегі рөлі туралы баяндама жарияланды

Лондон, 2024 жылғы 10 желтоқсан – Ұлыбритания Парламентінде «Henry Jackson Society» британдық аналитикалық орталығының «Қазақстанның орта держава ретіндегі рөлі мен Құрама Корольдіктің Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі ретіндегі маңызын түсіну» атты баяндамасы таныстырылды.

Іс-шара барысында Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар палатасы төрағасының бірінші орынбасары Нусрат Гани, ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ілиясов, «Henry Jackson Society» ғылыми қызметкері мен баяндаманың авторы болып табылатын Даррен Спинк, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) Еуразиядағы инфрақұрылым жөніндегі директоры Екатерина Мирошник, сондай-ақ Ұлыбританияның Маңызды минералдар қауымдастығының бизнес сарапшысы Энцо Саткуру-Гранзелла сөз сөйледі. Шараға Ұлыбритания Парламентінің қос палатасының депутаттары, іскер топтар, дипломатиялық корпус, БАҚ өкілдері және сарапшылар қауымдастығы қатысты.

Баяндаманы таныстыру барысында Д. Спинк баяндаманың басты мақсаты ретінде Қазақстанның орта держава ретінде халықаралық аренадағы нығайып келе жатқан рөлін, саяси реформалар мен тұрақты экономикалық дамудың прогресін талдау болғанын атап өтті. Құжатта Құрама Корольдік пен Қазақстан арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты, атап айтқанда, маңызды минералдар мен транзиттік-көліктік маршруттар саласындағы әріптестікті тереңдету әлеуетіне ерекше назар аударылған. Автор Ұлыбритания Үкіметі мен Парламентіне Лондонның Астанамен өзара серіктестікті нығайту бойынша бірқатар ұсыныстар енгізілгенін хабарлады.

Қауымдар палатасы төрағасының бірінші орынбасары Н. Гани өз сөзінде Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады. Ол Бизнес пен сауда министрінің орынбасары (2022-2024 жж.), сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары (2024 ж.) қызметтерін атқару барысында қазақ-британ арасындағы байланыстарды дамытуға тікелей үлес қосқанын еске салды. Оның айтуынша, ұсынылған баяндама Ұлыбритания Парламентінің мүшелеріне Қазақстанның халықаралық аренадағы орны мен Лондонның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі ретіндегі маңыздылығын түсінуге арналған құнды құрал болады. Сонымен қатар Н. Гани екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды алдағы уақытта нығайтуға дайындығын білдірді.

ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшісі М. Ілиясов Қазақстан туралы баяндама британдық аналитикалық орталығымен дер кезінде дайындалғанын атап өтіп, оны парламентте таныстырудың маңыздылығына көңіл бөлді. Ол өз сөзінде Қазақстанның орта держава ретінде халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан рөлін атап өтті. Елші ҚР-дың теңгерімді, конструктивті және көпвекторлы сыртқы саясаты ең алдымен ұлттық мүдделерді қорғауға, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен диалогты ілгерілетуге бағытталғанын баса айтты. Сонымен қатар ядролық қаруды таратпау, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру (БҚХА), Орталық Азия мен Ауғанстандағы ТДМ бойынша БҰҰ өңірлік хабы сияқты еліміздің халықаралық бастамалары туралы ақпараттандырды.

ЕҚҚДБ-дың Еуразиядағы инфрақұрылым жөніндегі директоры Е. Мирошник Қазақстан арқылы өтетін және Қытайды Еуропамен байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (ТХКД немесе Орта дәліз) рөлін талқылады. Ол ЕҚҚДБ-ның Орта дәліз жобаларына белсенді қатысатынын және оның Еуропа елдерін Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда байланыстарын дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Ұлыбританияның Маңызды минералдар қауымдастығының бизнес сарапшысы Э. Саткуру-Гранзелла ҚР-дың жаһандық маңызды минералдар жеткізу тізбегіндегі әлеуетін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бірегей ресурс базасына, қажетті инфрақұрылымға және білікті кадрларға ие. Сарапшы 2024 жылдың наурыз айында Лондонда Қазақстан мен Ұлыбритания арасында маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған Жол картасы ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестікке берік негіз болатынын жеткізді.

Қорытындысында қатысушылар Қазақстанның орта держава ретінде геостратегиялық рөлінің артып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы серіктестікті нығайтудың жаңа жолдары мен мүмкіндіктерін талқылады.

«Henry Jackson Society» – сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары мәселелерімен айналысатын британдық сараптамалық орталық. 2005 жылы Кембридж университетінде негізі қаланған бұл қоғам АҚШ сенаторы Генри Джексонның атымен аталған. «HJS» халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік саласындағы саясатты қалыптастыруға бағытталған зерттеулер мен есептер жариялап, демократия мен адам құқықтарын жаһандық деңгейде ілгерілетеді.