Назарбаев Университеті мен SOAS университеті жаһандық қатынастар және еуразиялық зерттеулер бойынша бірлескен магистрлік бағдарламаны іске қосты

Назарбаев Университеті мен SOAS университеті жаһандық қатынастар және еуразиялық зерттеулер бойынша бірлескен магистрлік бағдарламаны іске қосты

2025 жылғы 29 қазан, Лондон. – Лондондағы SOAS университетінде Назарбаев Университеті (Қазақстан) мен SOAS университетінің (Ұлыбритания) бірлесіп ұйымдастырған жаһандық қатынастар және еуразиялық зерттеулер бағдарламасының ресми ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты келісімге қол қою рәсіміне Назарбаев Университетінің президенті профессор Вакар Ахмад, SOAS университетінің вице-канцлері профессор Адам Хабиб, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлыбритания Құрама Корольдігі және Солтүстік Ирландиядағы елшілігінің өкілдері қатысты.

Профессор Вакар Ахмад өз сөзінде: «Назарбаев Университеті мен SOAS – әлемдік деңгейдегі беделді академиялық орталықтар. Біз студенттерге халықаралық қатынастар саласында терең білім алу және тәжірибелік дағдыларды игеру мүмкіндігін беретін бұл бірегей бағдарламаны ұсыну үшін күш біріктіргенімізге қуаныштымыз», – деді.

Профессор Адам Хабиб: «Бұл жобаның маңызы – сапалы және қолжетімді білім беруді қолдауға деген ортақ ұстанымымызды көрсету. Біз инновациялық бағдарламаны іске қосып отырғанымызға мақтан тұтамыз. Студенттер бағдарламаны Астана мен Лондон сияқты екі әлемдік астанада оқып, өмір сүре алады. Халықаралық ынтымақтастық – SOAS миссиясының негізі, ал бұл серіктестік оның айқын көрінісі болып табылады», – деп атап өтті

Бағдарлама Қазақстандағы ағылшын тіліндегі жоғары білімге деген өсіп келе жатқан сұранысты ескереді. Оқу курсы Орталық Азия мен Кавказдың геосаясаты, Ресей, Қытай және кең Еуразия өңіріндегі саяси үдерістерді қамтиды. Бағдарламаның мақсаты – студенттерге аналитикалық дағдыларды, аймақтық ерекшеліктерді терең түсінуді және жылдам өзгеріп отырған жаһандық ортада тиімді жұмыс істеуге қажетті біліктіліктерді қалыптастыру.

Оқу бір жылға жоспарланған: бірінші семестр – Лондондағы SOAS университетінде, екінші семестр – Астанадағы Назарбаев Университетінде өтеді. Бағдарлама біртұтас оқу ақысы бойынша ұсынылады және студенттерге дипломатиялық миссияда немесе халықаралық ұйымдарда тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі. Әр студент екі университеттің профессорларының бірлескен академиялық жетекшілігінде оқиды.

«Жаһандық қатынастар және еуразиялық зерттеулер магистрі» бағдарламасына алғашқы қабылдау 2026 жылғы қыркүйекте басталады.

Жаңа бағдарламаның іске қосылуы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қосылған тағы бір маңызды қадам болып табылады. Осы айдың басында Қазақстанға сапармен Лорд Алдердайс, Ұлыбританияның Әзірбайжан және Орталық Азия елдеріндегі сауда өкілі, барды. Сапар барысында ол Қазақстандағы бірнеше британдық университеттердің кампустарын, соның ішінде De Montfort University Kazakhstan, Cardiff University Kazakhstan, Coventry University Kazakhstan, сондай-ақ Нархоз университетін, мұнда Queen’s University Belfast-пен бірлескен қос дипломдық бағдарлама жүзеге асырылып жатқанымен танысты.

Бұл мысалдар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықтың күшті әрі динамикалық екенін, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашатынын және шынайы халықаралық академиялық қоғамдастық қалыптастыратынын көрсетеді.