16 қазан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына барып, Тәжен және Боранқұл ауылдарындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты.
Сапар барысында аймақ басшысы алдымен 192 тұрғыны бар Тәжен ауылына барды. Мұнда 170 орындық мектеп пен 20 орындық балабақша жұмыс істейді. Сондай-ақ жуырда құрылысы аяқталған жаңа саябақ ауыл тұрғындарының игілігіне берілген.
Әкім Тәжен ауылындағы жаңа медициналық және ветеринариялық пункттердің құрылыс барысын көрді. Медициналық пункттің құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға беруге дайын тұр. Онда бір мезетте 10 адамға дейін күндізгі ем алу мүмкіндігі қарастырылған. Ал ветеринариялық пункттің құрылысы мамыр айында басталып, қазіргі таңда 80 пайызға орындалған. Бұл нысан қараша айының соңына дейін пайдалануға берілмек.
Одан әрі Нұрдәулет Қилыбай «Тәжен» өткізу бекетінің жұмысымен танысты. Бұл бекет – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы маңызды шекара өткелдерінің бірі. Қазір мұнда терминалдарға күрделі жөндеу жүргізіліп, өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Сапар барысында облыс әкімі Боранқұл ауылына да барып, ауылдық спорт кешенінің құрылыс барысын тексерді. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, техникалық құжаттар рәсімделу үстінде. Кешенде футбол, волейбол және күрес секцияларына арналған залдар қарастырылған.
Одан кейін аймақ басшысы Боранқұл ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар мал суару жүйесін орнату, апатты үйлер мәселесін шешу, спорт зал салу, жайылым жер бөлу, медициналық орталық ашу және жұмыссыздық мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.
Сапар қорытындысында Нұрдәулет Қилыбай әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапалы және уақытылы пайдалануға берілуі қажеттігін атап өтіп, тұрғындарлың сұранысы бойынша ауылда күрес және бокс спорт түрлерін қамтитын ангар типтес спорт нысанын салуды тапсырды. Аудан басшылығына жиында көтерілген мәселелерді зерделеп, шешу мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі