Бүгін, 5 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданында салынып жатқан орталық аудандық аурухана құрылысымен және «Жаңа Құбыр Технологиялары» ЖШС-нің өндірістік қызметімен танысты.
Алдымен облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мұнайлы ауданында бой көтерген 150 керуеттік жаңа ауруханаға барды. Бүгінде емхана тапсырылуға толықтай дайын.
Стационар құрамында терапия, хирургия, педиатрия, босану, анестезиология мен реанимация, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімдері қарастырылған. Бұдан бөлек, инфекциялық науқастарды оқшаулап емдеуге арналған боксталған палата жүйесі бар жұқпалы аурулар бөлімі де орналасқан.
Мекеме қазіргі заманғы диагностика және емдеу технологияларымен толық жабдықталған. Ауруханаға жаңа үлгідегі компьютерлік томограф, цифрлық рентген аппараттары, эксперттік класты УДЗ жүйелері, мониторинг құралдары мен қарқынды терапияға арналған жабдықтар, соның ішінде жаңа туған сәбилерге қажетті медициналық техника орнатылған.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жаңа аурухананың іске қосылуы аудан халқына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және тұрғындарды уақтылы әрі сапалы емдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әрі қарай облыс әкімі «Жаңа Құбыр Технологиялары» ЖШС-нің зауытына барып, өндірістік үдерістермен танысты. Мұнай-газ секторы үшін болат және сорғы-компрессорлық құбырларға ішкі жабын жағу жұмыстарын жүзеге асыратын кәсіпорын бүгінде 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 600 шақырым болат құбыр шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс бірнеше кезең бойынша дамып келеді. Жобаның екінші кезеңі – ішкі оқшаулау цехы биыл сәуір айында іске қосылған. Оның жылдық қуаттылығы – 550 шақырым. Ал үшінші кезең – арматураланған полимер құбырларын өндіру цехы осы жылдың шілде айында іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл цехтың жылдық қуаттылығы – 250 шақырым.
Өңір басшысы кәсіпорын жұмысына сәттілік тілеп, зауыттың облыс экономикасы мен өндірістік әлеуетін арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі