Маңғыстауда 3 бірдей ауыл «Қауіпсіз ауыл» номинациясымен марапатталды

Маңғыстауда 3 бірдей ауыл «Қауіпсіз ауыл» номинациясымен марапатталды

4 маусым күні Маңғыстау облысының прокуроры Айдос Майлыбаевтың төрағалығымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, үйлестіру кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Кеңесте «Заң мен тәртіп: қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбында құқық қорғау және уәкілетті органдардың құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстары талқыланды.

Прокуратура ұсынған мәліметке сәйкес, биылғы жылдың алғашқы төрт айында облыс аумағындағы құқық бұзушылықтар 11%-ға төмендеген. Жалпы тіркелген қылмыс саны 1123-тен 1000-ға азайған, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың көрсеткіші 20,7%-ға кеміген. Сондай-ақ өңірдегі криминогендік ахуалдың тұрақты екені айтылды.

Кеңесте отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі қылмыстары, интернет-алаяқтықпен күрес және алкоголизмнің алдын алу шаралары туралы ақпарат ұсынылды. Айтуынша, облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс жыл басынан бері 127%-ға артқан.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жиын барысында өңірде түйткілді мәселелер бар екенін және оның алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

- Өте өзекті мәселелер көтерілді. Бұл түйткілдермен күресу үшін құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жүргізудеміз. Дегенмен, ұлттық тәрбиенің маңызы зор. Біз әрдайым ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз, бағыт аламыз. Кеңеске белсенділік танытып жиналғандарыңызға алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта жұмыстар жалғасатын болады, - деді Нұрдәулет Қилыбай

Жиын соңында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Сонымен қатар, құқықбұзушылық тіркелмеген үлгілі Қызан, Онды және Тұшыбек ауылдарына «Қауіпсіз ауыл» номинациясы табысталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі