Түркістан қаласында респуликалық «Ясауитану-2025» байқауы өз мәресіне жетті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен 70-тен аса оқушы қатысты.
Байқау 1997 жылдан бастап өткізіліп келеді. Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған рухани мұраларын насихаттау, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын меңгеріп, зерттеуге ынталандыру, ортағасырлық Әмір Темір дәуірінен жеткен құнды мұраларды кеңінен насихаттау.
Қатысушылар «Ясауи мұрасы – балаға аманат», «Білімді мыңды жығар алысқанда», «Ой жүйрік» атты үш кезең бойынша өзара сайысқа түсті. Оқушылар хикметтерді жатқа оқып, ұғымдарды түсіндірді, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені түркістандық Қолтай Феруза иеленді. І орын Жетісу облысынан қатысқан Әділжан Шынарға және ақмолалық Жақсылық Даянаға бұйырды. Екінші орынды алты қатысушы иеленсе, ал 21 қатысушы ІІІ орын иегері атанды. 3 қатысушы көрермен көзайымы номинациясын жеңіп алды. Барлық қатысушы мен жетекші арнайы дипломмен марапатталып, сыйлықтар табысталды. Халықаралық қазақ-түркі университетінің, «Дінтану және теология» мамандығы бойынша оқу гранты Әлімова Айгерімге және Ахметов Сабыржанға бұйырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі