Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде мемлекет және қоғам қайраткері, құжаттанушы Мирболат Жақыповтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Ерен еңбек иесі» атты жеке қоры ашылды.
Ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткерлері, архив саласының ардагерлері мен мамандары, сондай-ақ мерейтой иесінің отбасы қатысты.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған көрмеге Мирболат Жақыповтың жеке қорынан 50-ге жуық құжат қойылып, ел тарихындағы маңызды кезеңдерге қатысты сирек әрі құнды архивтік материалдар таныстырылды.
Мирболат Хабиұлы — еліміздегі іс жүргізу және құжат айналымы саласының қалыптасуы мен дамуында айрықша із қалдырған тұлға. Ол – жаңаша іс жүргізу терминологиясының негізін қалаушы, газет-журналдарда жарық көрген жүздеген мақаланың, бірнеше кітап пен арнайы сөздіктердің авторы.
Мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және өзге де мерейтойлық марапаттармен наградталған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі