Қазақстанда 15 сәуірде ғашықтар мерекесі – «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» күні тойланады.
2011 жылдан бастап «Ұлттық ғашықтар күні» аталып өтіледі. Ондағы мақсат – көпшілікке махаббат, адалдық пен адамгершілік сияқты нағыз биік сезімдерді насихаттау. Бұл мейрам ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, халық ауыз әдебиетіндегі ғашықтар Қозы мен Баянның махаббат хикаясына арналған.
Ғашықтар күніне орай бірқатар іс-шаралар жоспарланған:
- «Астана Балет» театры — екі бөлімнен тұратын «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» эпостық балеті;
- Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры — «Қозы мен Баян» трагедиясы;
- Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры — «Сезім хаттары» қойылымы;
- Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры — опера солистері Венера Алпысбаева мен Нұржан Бажекеновтың «Екеуге арналған гармония» атты концерті;
- Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі — «Махаббат мәңгі ертегі» концерті;
- Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры — «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасы.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі