
«Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 24-27 қыркүйек аралығында Бейжіңнің Тунчжоу ауданында өткен IV Beijing International Canal Arts Fest халықаралық өнер фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетті.
Биыл фестивальге 13 елдің өнерпаздары жиналды. Сахнада Норвегия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Франция, Германия, Румыния, АҚШ және басқа да елдердің музыканттары мен бишілері өз өнерін ортаға салды. Барлығы 14 өнер ұжымы мен Қытай және шетелден келген 70-ке жуық әртіс болды.
Қазақстан фестивальге алғаш рет қатысып, мәдени іс-шарада «Салтанат» ансамблі ұлттық би өнерін сан қырынан танытты. Ұжым 12 би нөмірінде қазақтың салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін және мәдениеттің өзіндік сипатын көрсетті.
Фестиваль қазақ би өнерінің халықаралық сахнадағы орнын айшықтап, Қазақстан мен Қытайдың мәдени ынтымақтастығын нығайта түсті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі